Вы здесь: HomeСараптамаҰяламыз деп ұрпақты аздырмайықшы

Ұяламыз деп ұрпақты аздырмайықшы

Бөлімі: Сараптама
03 Октябрь 2018

«Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» атты Қазақстан халықтары ассамблеясының xxv сессиясында Елбасымыз жүйелі жаңғырудың мақсаттарына жауап бере алатын қоғамдық сана-сезім қалыптастыру керектігін әрі ол процеске мемлекет пен азаматтық қоғам, білім беру мен әлеуметтік сала, жеке бизнес пен масс-медиа, бәрі де тартылуы қажеттігін айтқан болатын.

Жаңғыруды әркім өзінен бастауы керектігін ұқтырған Президентіміз әрбір отбасы Отанымыздың берік қазығы екенін жеткізді.

Иә, тәрбие отбасынан басталады. Соның ішінде қыз бала тәрбиесіне үлкен мән берген жөн. Себебі, қыз-ұлттың ары, ұяты. Өкініштісі сол, соңғы кездері ерте жастан жүктілік, тастанды бала мәселесі  күрт күрделенді. Жасыратыны жоқ, қазір ата-аналар баласының үйден тыс жерде немен айналысып жатқанын, қандай ортада жүргенін білуге басын қатырғысы келмейді немесе уақыты тапшы.

«Ұлы сөзде ұят жоқ» демекші, бұл ретте жыныстық тәрбие жұмысын жандандыру қажет  деп бекер айтпаймын. Ол үшін жас ерекшеліктерін ескеріп ұлдардың бөлек, қыздардың бөлек клубын ашу керек деп санаймын. Онда мұғалімдер мен дәрігерлер бірлесе лекциялар оқып, тәрбиелік  бейнероликтер арқылы әңгімелесулер өткізсе, жасөспірім ұл-қыздың ара-қатынасқа деген оң көзқарасы қалыптасар еді. 

Әлі есімде, былтыр Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте «Айтуға оңай...» шарасы өтіп, оған мен де қатыстым. Онда бейнероликте көрсетілген аяғын шалыс басқан қыздардың тағдыры көрсетіліп, талқыланды. Қатысушылар өз ойын еркін жеткізді. Егер, мектептерде жыныстық тәрбие мәселесіне қатысты мұндай шаралар жүйелі өткізілсе, егер, ата-аналар ұл-қыздарымен әңгімені ашық түрде жүргізсе ерте жүктілік фактілері орын алмас па еді. Сондықтан, ұрпақты «ардан адасудан» сақтаймыз десек, олардың тәрбиесімен жан-жақты айналысайық.

Онысы рас, мектеп  отбасыларға педогогикалық тұрғыдан көмектесе алады. Ол қандай көмек болмақ? Менің ойымша ата-аналарды ағарту жұмыстарын қолға алу керек.  Демек, әр мектеп жанында тәрбие беру өнеріне баулитын ұйым құрылса игі. Ол ұйымның кемінде бес жылға арналған шығармашылық жоспарын ақылдасып шешкендері жөн. Оған оқымысты-ғалымдардың теорияларынан лекциялар пайдаланылса, әркімнің рухани-адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына ықпал етер еді.

«Ұдайы қамқорлық пен адамгершілік тәрбие адамның ең басты құндылықтарын қалыптастырады. Ол - еңбек пен ата-ананың үлгілі ісі» деген Ы.Алтынсариннің сөзі ойыма оралды. Бүгінгі әңгімемнің түйіні де осыған саяды.

 

Б.ҚАРЕКЕШОВА,

білім саласының ардагері.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru