Вы здесь: HomeСараптамаДәстүрден ажыраған далада қалады

Дәстүрден ажыраған далада қалады

Бөлімі: Сараптама
03 Октябрь 2018

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның өсіп, дене бітімі дұрыс қалыптасып, ақыл-ойының жетілуіне  дейін үлкен көңіл бөлген.

Бесікті тербете отырып ән айтып, тілге тартқан. Бұл – тәрбие  басы. Мұндай тәрбие беруі халық педагогикасына жатады деуге болады. Өйткені халық педагогикасы- халқымыздың сан ғасырдан бері баланы бағып-қағып өсірген өнегелі азамат етіп шығару жөніндегі жинақталған тәжірибесі.

Қазақ халқының  «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп атадан-балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Атасы немересіне жеті атасын білу, елдің батырларының ерлік хикаяларының әңгімелеп, адамды жақсы немесе жаман ететін де тәрбие екенін жастайынан баланың бойына сіңіріп отырған.

Ал бүгінгі ұрпақты ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына жақындап тәрбиелеп жатырмыз ба?

Кешегі кеңестік дәуірден қалған көкейкесті мәселе - баланың орыс тілін бірінші кезекте басым назар аударуы қатты етек алып тұрған бұл тұста қазақ тілін, әдеби мұраларын насихаттау қиынның қиыны болды. Бірақ жан-жақты ойластырылған бағдарлама мен білікті ұстаздың тынымсыз ізденісті еңбегі шәкірт жүрегіне жетті.

Ең алдымен, халықтық педагогиканың асыл мұралары салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мақал-мәтел, шешендік өнер, халық ауыз әдебиетін бүгінгі жастардың бойына ана тіліміз арқылы сіңірілетіні түсінікті. Бірақ, «Тәрбие – тілден басталады» өз ана тілін білмейтін ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбие беру мүмкін емес. Өз тілінде сөйлей және ойлай алмайтын ұрпақтың бойына өз ұлтына деген құрмет ешқашан да болмақ емес.

Белгілі жазушы, педагогика ғылымының докторы С.Ғаббасовтың: «Халық педагогикасы дегеніміз – адамның жан дүниесін тәрбиелейтін және зерттейтін ілімі» деп тұжырымдауы бекер емес. Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген халқымыз адамды аздыратын жаман әдеттерден: жалқаулық, өтірік, дарақылық тағы да басқа мінездерден сақтандырып келген.  Мысалы: «Бал тамған өтіріктен, қан тамған шындық артық», «Шындық бар жерде, өтірік байқап жүреді», «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрейді, Атадан жаман ұл туса, төрдегі басын жерге сүйрейді», «Ырысқа қарай ұл өсер, қонысқа қарай мал өсер», «Биік төбеге шықсаң, көзің ашылады», «Жақсымен сөйлессең, көңілің ашылады», «Еңбекқор – ұйқыдан ширап тұрады, еріншек - ұйқыдан қирап тұрады», «Қайраңы жоқ көлден без, қайырымы жоқ елден без» тағы да басқа мақал-мәтелдер  адамгершілікті, білікті, ел тілегін ойлауды дәріптеп, бір не екі тармақтан тұрса да мазмұны терең, тақырып аясын кең ашады.  Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, сондықтан өз баласын тәртіпті, кішіпейіл, білімді, шебер, еңбекқор, келешекте үлгілі отбасы иесі болғанын қалап тәрбиелеген. Өйткені ұлтымыздың болашағы- тәрбиелі ұрпақ қолында. Ал тәрбиелі ұрпақ қалыптастырудың бірден-бір жолы халықтық педагогикалық мәні – еңбек, білім, адалдық, адамгершілікті жас ұрпақ бойына дарыту. Осы орайда ұлы ойшыл ғұламаларымыздың тәлім-тәрбиелік мұрасына сүйенбеу мүмкін емес. Ендеше, ойшылдарымыздың тебіреністеріне назар аударсақ артық етпейді. Айталық, Ж.Баласұғұнның «Ата- анадан өсіп ұрпақ тараған, жақсы, жаман болса, бала солардан: яғни, бала ата-анасынан тәрбие алып, қандай болып шығатыны соған байланысты және де «Арсыз-адамның қоры, адам өз атын кісілікпен көтереді», деген сөзінде әр адамның ең асыл қасиетінің сақталып, абыройдың төгілмеуін тілейді. Бүгінгі ғылым мен білімнің өркендеген шағында Ж.Баласұғұнның «Артық кетсе түйсік түзер осал жайды. Ел бүлінсе, білім түзеп талмайды» дегені  кемелденген елдің болашағын ойлайтын ұрпақтың саналы білімі, өнегелі болуы, туған жерін, тілін, тарихын сақтау керек дегені.

Сөз түйіндей келе айтарым, ұлы ойшылдардың нақыл сөздерінің астарына үңіле отырып, жас жеткіншектерді Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында алға қойған мақсаттар мен халықтық  педагогика ілім негізіне сай тәрбиелеу абзал болмақ.

 

Әйіп Хамзаұлы,

ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru