Вы здесь: HomeСараптамаБіз қандай нан жеп жүрміз?

Біз қандай нан жеп жүрміз?

Бөлімі: Сараптама
03 Октябрь 2018

- Рақым Алмабекұлы, Дендер өңіріне қош келдіңіз. Сексеннің сеңгіріне шыққан сіз үшін ұзақ жол ауырлау тиген шығар?

- Жұмыс бабымен еліміздің біраз жеріне табанымыз тиді. Сондықтан да жол жүріс маған үйреншікті нәрсе. Дегенмен, бұл жолғы сапарымыздың мәні бөлек. Екі жасқа бақыт тілей келгенбіз. Әсеріміз әрине жақсы. Ел, жерді көрдік. Қасиетті Қаройға барып, Махамбет бабамызға тағзым еттік. Кең байтақ жерімізді аралау қандай ғанибет. Шаршамайтын адам болмайды. Сәл тынығып алсақ жеткілікті.

- Сізді замандастарыңыз «Қазақстан бидайының атасы» деп атайды екен. Бұл ұғым қалай пайда болды?

- Бұл ұзақ әңгіме болуы мүмкін. Мен Қазақ аграрлық университетіне оқуға түсіп, 1960 жылы бітірдім. Сол жылдары Қазақстан ғылымының осал тұстарының бірі ауыл шаруашылық дақылдары сұрыптарының өте аз болуында еді. Міне, осы жұмыспен шұғылдануды қолға алған ауыл шаруашылық саласындағы еліміздегі басты орталық – Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының директоры, қоғам қайраткері Мұхаметжан Ерлепесов институтқа жас ғалымдарды тартты. Оның ішінде мен де болдым.  Бізге бағыт-бағдар беріп, аз уақыт ішінде жаңа сорттар шығаруды тапсырды. Оған біз білек сыбана кірістік. Өсімдік биологиясы, соның ішінде, селекция және генетика ғылымдарын дамыту жолындағы алғашқы қадамым осылай басталды.

Үнемі ізденіс үстінде болып, 1966 жылы әлемдегі өсімдік селекциясының ең ірі орталықтарының бірінен саналатын Одессадағы Бүкілодақтық селекция және генетика институтының аспирантурасына түстім. Бүкіл әлемге белгілі орталықта оқуда жүріп селекциямен бірге іргелі ғылымдарды: генетиканы, биохимияны, физиологияны, молекулалық биологияны және өсімдік иммунологиясын игеріп, Украина жерінде күздік қатты және жұмсақ бидайдың жаңа сұрыптарын шығару және өндіріске ендірумен, мемлекеттік сорт сынау жүйесін игерумен айналыстым. Осы жерде кандидаттық жұмысымды қорғап, аға ғылыми қызметкер болып істедім. Менің егін шаруашылығымен айналысқаныма 64 жыл болды. Он жыл тылды көтердім. Қостанайда Меңдіқара ауданында «Теңіз» совхозында, алпысыншы жылдары Алакөлде «Ильич» үлкен совхозында бас агроном болдым. Содан кейін 55 жыл еңбек өтілім ғылымға арналды. Біраз Еуропаны шарладым. Жоғарыдағы сіз айтқан ұғымның пайда болуы осы қыруар еңбектен болса керек. Әрине қазақстандық ғалымдар А.Гольбек, А.Кузьмин, М.Айтхожин, И.Рахымбаев, Н.Удольскаяның бидай селекциясына және биологиясына сіңірген еңбектерін еш ұмытуға тиіс емеспіз. Бүгінде Қазақстандағы өсімдік селекциясы және генетикасының 100 жылдан асқан тарихы бар.

 

«Жасыл революцияның» авторымен кездесу

-Докторлық диссертацияңызды да осы жерде қорғадыңыз ба?

-1970 жылдан бастап Қазақстан ауыл шаруашылық ғылымы саласындағы ең ірі орталықтарының бірі Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен тығыз байланыста болдым. Жауапты қызметтер атқардым. Менің жетекшілігіммен дәнді дақылдар, бұршақ дәнділер, жарма және азықтық дақылдар, дәрілік шөптер селекциясы, генетикасы, физиологиясы, биохимиясы, цитологиясы және алыстан будандастыру бағыты бойынша жұмыстар дамыды. Селекция орталы­ғының материалдық-техни­калық базасы жасалды, респуб­лика­мыздың әртүрлі табиғи эко­логиялық аймақтарында масақты дәнді дақылдар селекциясы үшін тірек пункттерін ашуды қолға алдым.

Осы көп жылғы еңбектерімді қорытындылай келе 1990 жылы «Күздік бидайдың Қазақстандық агроэкотиптері селекциясының биологиялық негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадым. Осы жылы жаңа құрылған Қазақ ауыл шаруашылық ғылымдары академиясының академик-секретары болып сайланып,  республикамыздағы бүкіл селекция генетикалық жұмыстарға басшылық жасадым. Кейін 1992 жылы аграрлық ғалымдар ҚазАШҒА академигі және вице-президенті ретінде ҚазАШҒА құрылымын қайта құру жүзеге асып, жаңа институттар, ауыл шаруашылық саласындағы бүкіл ғылыми зерттеу ұйымдары мен тәжірибелік стансалардың жұмыстарын реттейтін біртұтас үйлестіру әдістемелік орталығын құруға атсалыстым. 1995-2003 жылдары Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына басшылық жасау тапсырылған соң бұл міндетті де абыроймен атқаруға бел будым. Институтта кең халықаралық байланыстар қалыптасты. Мысалы, Жапон ауыл шаруашылық зерттеулерінің халықаралық орталығы (JIRCAS), Бидай мен жүгеріні жақсартудың халықаралық орталығымен (СИММИТ) ерекше тығыз қарым-қатынас орнаттық. 1998 жылы институтқа әлемге әйгілі селекционер, «Жасыл революцияның» авторы, Нобель сыйлығының иегері Н.Борлауг арнайы келді. Тағылымды кездесулер өтті. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Біраз тәжірибемізбен бөлістік.

 

128 сорттың авторы

- Сонда сорттың қанша түрін шығардыңыз?

­­­- Ал енді менің тақырыбым сорт шығару, будан шығару. Оның сапалылығы, қысқа, ауруға төзімділігі болу керек сияқты жалпы қоршаған ортаға төзімді болу. Қазір 128 сорт шығардым. Соның ішінде бидайдың 90 сорты бар. Қатты бидай, жұмсақ бидай, т.с.с. Сосын суармалы жерге, таулы жерге, шөл дала, шөлейтті жерде өсетін бидай сорттарын енгіздім. Менің сорттарым Ресейде, Украина, Кавказ елдері, Орта Азия, Ауғанстан, Иран, Пәкістанға дейін барлығы 12 мемлекетте 6 млн. гектар жерге себіледі. Мәселе – сол сорттың диірменге қалай тартылуында. Қалай болса солай емес. Қазір шетелден жақсы комбайндар келіп жатыр. Әсіресе, біздің алатынымыз Германия мен Америка бірігіп шығарған «Кейс и джонжер» заманауи комбайны. Ол деген дәнді ұсатпайды, кіндігін алмайды, зақым жасамайды, т.б. Ал Ресейдің түкке жарамайтын комбайндары мұндай қызмет атқара алмайды. Зақымдап алады. Сондықтан біз үлкен компанияларға алсаң Австралияның тұқым тазалайтын «Кэмбрихайт» деген машинасын, не болмаса немістікін ал дейміз. Сондай-ақ қазір Корея мен Жапония бірігіп, жаңа машина ойлап шығарды. Онда 16 млн. фото элемент бар. Тұқымның соғылғаны бар ма, шірігені жоқ па, басқа өсімдіктің тұқымы жоқ па, қоңыз жоқ па, бәрін-бәрін тексерістен өткізеді. Қымбат, әрине. 1 млн. 600 мың доллор тұрады. Бірақ өте тиімді.

 

Іріленбей іс өнбейді

- Оны шаруашылықтардың алуға қауқары жете ме?

-Іріленбей іс өнбейді. Біздер қазір 5 мың колхоз, совхоздың орнына 350 мың уақ шаруашылық ашып тастадық. Не ауыспалы егісі жоқ, жөнді комбайны тағы көрінбейді. т.с.с. Олардың шамасы келмейді. Сондықтан ірілендіру керек. Онсыз болмайды. Оларға мемлекет тарапынан көмек қажет. Біз барымызша бәсекеге қабілетті болуымыз шарт. Бірақ, ол құр сөз болмауы керек. Біздің Қазақстанда бидайдың 150-дей сорты егіледі. Әрине, климатына қалай әртүрлі. Біз сортты солай жасағанбыз. Атыраудың жеріне бидай егуге кеңес бермейміз. Рас малдың азығына ғана болмаса. Азықтық бидай деген бар. Соны қазір енгізіп жатырмыз. Бұл ауыл шаруашылықты өңір. Ал Оралдың 5 ауданына енгіздік. Топырағы құнарлы, ылғалды бірнеше аудандар бар. 

 

«Ақ нан жеп алданып отырмыз»

- Әлгінде диірмен туралы әңгіме айтып қалдыңыз ғой?

- Менің айтайын дегенім – бір-ақ мәселе. Біз егемендік алғанша өзіміздің диірмендер болды. Жалпы ТМД елдерінде солай. Ал осы күні не істеген. Америка, Англия, Германия сынды елдер бізге жақсылық ойламаған. Біз халыққа ақ ұн береміз деп Қытай арқылы өздерінің патенттелген жұмыстарын арзан бағаға таратып беруді қолға алған. Бұл жалған. Оның ешқандай құнары, иісі, дәмі жоқ. Адам денсаулығына қажетті витаминдердің бәрін сыпырып алып тастаған. Содан келіп бүгінде әсіресе, жүкті әйелдерде қан аздық, т.с.с. аурулар пайда болып жатыр. Екіншіден, тұқымның сапасы құриды. Қызығы сол, бидайдың қабығын, кебек дейміз ғой соны аптекаға қойып, сатып алып қоссаң жақсы болады дейді. Бұл не сонда? Ақша жасау ма? Сондықтан біз айтып отырмыз мына қытайдың арзан құрылғыларының көзін құртып, баяғы өзіміздің қабығымен, кіндігімен тартатын, яғни денсаулыққа қажетті макроэлементтер, витаминдердің 17 элементтерінің бәрі сақталатын диірмендерді қайтару қажет. Біз ақ нан жеп құрып отырмыз. Мысалы, Алматы қаласының халқын нанмен қамтамасыз ету үшін үлкен пешке нанды салады да 225-230 градуста пісіреді. Бұл қажетті витаминдерді күйдіріп жібереді. Ал құнарлы нан 80-90 градуста ғана пісу керек. Пештен шыққаннан кейін иісі бұрқырап тұрады. Бұрынғы көмбеге піскен нан сияқты.

Қазір Солтүстік Қазақстанда  отандық бидайдың үштен екісі егілсе, үштен бірі ресейлік, украиндық, басқа да шетелдік тұқымдар. Сол үштен екінің 55 пайызы менің сорттарым. Біз осы сортты шығарып, тұқым шаруашылығын дамытып беріп отырмыз. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облысы осы алты облыста 1 млн. гектар жерге күздік бидай себіледі. Баяғы заманда екі миллионға дейін себілетін.  1 гектар жеріңнің өнімі кем дегенде 3, 3,5 тонна болатын. Ал бүгін біз екі есе төмен алып отырмыз басқа мемлекеттерге қарағанда.

 

Ғылымға өзгеріс қажет

-Сонда не істеу қажет деп ойлайсыз?

-Қазақ ғылымына үлкен өзгеріс керек. Қазір бұрынғыдай ғалымдар жоқ. Оқытушылардың өздері дипломды сатып алғандар десек артық айтуымыз мүмкін. Бірақ, күмән көп. Сонымен жағдайымыз мүшкіл. Бидайымыз бар, сорттарымыз бар, ол жағынан проблема жоқ. Көптеген мемлекеттерге қарағанда ілгеріміз. Сондықтан бұрынғы диірмендерге көшу керек. Жас ғалымдар дайындау керек. Көптеген жоғары оқу орындарының аты бар да, заты жоқ. Қазір сорт шығармайды. Іштарлық, жалқаулық, таныс-тамырлық  қазақтың жауы. Мен болашақта қазақтың ғылымы қалай боларын көзіме елестете алмаймын. Пара бар жерде не айтуға болады. Диплом білімге берілу керек, сатылымға емес.

Ауыспалы егін пайдалы. Биыл бидай, келесі де горох ек. Жоңышқа егу керек. Оны 3 жыл егіп жинағанда жерде 350 гр тап-таза азот жиналады. Ол жерге 3 жыл кез келген дақылды ексең тамаша жеміс береді. Ешқандай минералды тыңайтқыштың керегі жоқ. Көп жылғы қойдың көңі керемет тыңайтқыш болады.  Қазір әлемде 1,5 млрд. халық аш отыр. Нан жетіспейді. Міне, мәселе.

- Бұрынғыдай ғалымдар жоқ дейсіз. Сіздің шәкірттеріңіз қайда?

- Аспиранттар дайындау бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп, соның нәтижесінде селекция және басқа салалар жөнінде кадрлар құрамы жетілдіріледі. Соның нәтижесінде 25 түрлі дақылдар бойынша селекциялық-генетикалық жұмыстар қарқынды түрде қалыптасады. Біздің жетекшілігімізбен 69 ғылым докторы мен кандидаттары диссертация қорғап шықты, олар тек қазақ елінде ғана емес, сондай-ақ көрші мемлектеттерде де жұмыс істеуде. Олардың арасында танымал академиктер, мүше-корреспонденттер, профессорлар мен доценттер көп. Шәкірттеріммен еліміздің біраз жерін аралап, көптеген ғылыми жұмыстар жүргіздік. Ауылдарға кеңес беруге шығып тұрамыз. Олар жоқ емес, бар. Бірақ, онымен ғылым тоқтамауы тиіс. Олар да орта жасқа келіп қалғандар. Дегенмен, олардың айтқанын әр кез тыңдай бере ме екен?!

 

«Тамақ ішудің тәртібін білмейміз»

- Ұзақ жасаудың сыры жөнінде кітап жазыпсыз?

- Жаздым. Кітапты талап алып кетті. Біз дұрыс тамақ іше алмаймыз. Тәттіні, ащыны бәрін жей береміз. Оны асқазан дұрыс қорыта алмайды. Көбіне ботқа (каша) жеу керек. Қара құмық ботқасы (гречка) ракқа қарсы тағам. Одан екі-үш күннен кейін сөк ботқасын (пшенная каша) айранға қосып жеу қажет. Кефир деген зиян. Оған химия қосылады. Кешке бір стақан қара құмық ботқасын (гречка) бір стақан 50-60 градус ысқылтым су құйып қоямын. Таңертең жеймін. Керемет деликат. Мына күнделікті тамаққа қарағанда энергиясы 3 есе артық. Жеген тағамымыздың үштен екісі, яғни 55-60 пайызы көкөніс пен жеміс-жидек болу қажет. Мен күніне 3-4 алма жеймін. Артық тамақ ауруға алып барады. Көк шай ішемін. Оны да көп емес. Су ішемін. Кәдімгі құдықтың суы. Сатып алып ішпеймін. Қазір спортпен шұғылданып, күніне 7-8 шақырым жүремін. Бойым 182 см, салмағым 78 кг. Одан асырмаймын. Етті көп тұтынбаймын. Австралиялықтар 4-5 айлық қозы, бұзау жейді. Бізде қайда ол. Далада емін-еркін жайылып жүрген малдың еті пайдалы. Онда халестерин болмайды. Қазір бордақыда тұрған мал көп. Шарбаққа ұстап, әртүрлі жолмен семіртеді. Дүниежүзінің 3000-нан астам ғалымдарын аралап шықтым. Қалай салауатты өмір сүреді екен дегенде олар айтады: «Біздің  жасымыз 140-160 жас» дейді. Бізде 70 жастың шамасы. Сұмдық қой. Бұл туралы жоғары оқу орындарына барып, лекция оқимын.

- Шөптен жасалған дәрілерге қалай қарайсыз?

- Мен шөптен дәрі жасаумен айналысуды қолға алдым. Әжем емші болған. Шөппен емдейтін. Келесі жылы үлкен орталық  ашу ойымда бар. Қазір салынып жатыр.

- Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет!

Сұхбатты жүргізген:

 

Ж.Амантурлин.

 

 

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru