Вы здесь: HomeСараптама"Біз боздағын күткен аналардың үміті едік..."

"Біз боздағын күткен аналардың үміті едік..."

Бөлімі: Сараптама
31 Май 2018

"Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы" демекші, бүгінде ауылдардың жасарып-жайнап, рухани байып, дамуы әрине сондағы еңбек адамдарының, ақылман ардагерлердің арқасы екені сөзсіз.

Осындай азаматтардың бірі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Индер ауданының Құрметті азаматы Аталық Бисен Әлмұқанұлымен ұрпақ тәрбиесі, ауыл руханиятының дамуы хақында әңгімелескенбіз. 

- Бисен Әлмұқанұлы,  өзіңіз бел ортасында жүрген Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ауылға қаншалықты сілкініс әкелді. 

-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты санамызды өзгертіп, ұлттық кодымызды жаңғырту үшін ардагерлер мен ауыл жастарының алдына жаңа міндеттер қойдық. Мақсатымыз орындалу үстінде. «Әрбір өлкенің халқына суық та пана, ыстық та сая болған, есімдері мәңгіге сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ білуге тиіс» деп мақалада атап өтілгендей ауылда жастар үлгі алатын, оларға көсемдік сөздер айтып, қажет болса мұқтаж адамдарды қолдап, демеуші бола кететін аға буын өкілдерімен бірнеше кездесулер өткіздік. Шешен сөйлейтін Қамария апай ауыл халқы алдында зор абырой-беделге ие болып, құрметке бөленсе, бұлардың қатарына Үмбет, Еділ, Жеңіс ағайлар мен Маруся, Нағима, Күлима,                                                                Мария, Мағрипаны айтуға болады. Биылғы тарихи мерекелердің құрметіне  арналған аудандық өнер байқауына біздің ауылдың тұрғындары ұйымшылдықпен қатысып, ел мерейін көтерді. Атырау қаласындағы облыстық драма театрында өткен «Ардагер әуені – 2» атты гала концертте Сайын, Молдабай, Қалиолда, Мағзом және Қуаныштың бастауымен «Ерасыл» ағалар тобы 2 рет өнер көрсетіп (көркемдік жетекшісі Ғ.Сахипов), еңбектері жоғары бағаланды. Бізде осындай ағаларымыз тату-тәтті жанұяларымен бірге ауылдың саяси-мәдени өміріне белсене араласады, бүгінгі ауыл жастары олардан үлгі алулары қажет деп ойлаймын. Ардагерлердің ауылды көркейту шараларына атсалысуы арқасында «Ең таза, үлгілі ауыл» атағын жеңіп алды. Облыста тұңғыш рет біздің ауылда өткен ардагерлер спартакиадасында столдағы теннистен Ө.Қашқынова, Р.Жұмағұлова, Р.Ғабдуалиева, т.б. ауыл намысын көтеріп, асқақтатуы – жастар үлгі алып, үйренетін асыл қасиет. Біздің ардагерлер ұйымы ауданда Махамбет пен М.Мөңкеұлы ескерткіштерін салуды қолдап, қорға қаржылай көмек үлесін салған болатын.

-Туған жеріне деген жанашырлық, ауыл азаматтарының жастарға деген қолғабысы туралы толықтыра отырсаңыз?

- Жасағанын бұлдамайтын, атымтай жомарт азаматтар құдайға шүкір баршылық. Мысалы, Тілек Махуов деген азамат ауылға мешіт салып берді. Осының өзі неге тұрады?! Ал жерлесіміз ақын Қойшығұл Жылқышиев жас ақындардың кітабын шығарып, руханиятымызға мән берсе, жерлесіміз А.Берғалиев "Ерасыл" ардагерлер ансамблін үлгілі киіммен қамтамасыз етті. Айта берсек ауылымыздың өсіп- өркендеуіне үлес қосып келе жатқан азаматтар баршылық. Жазушы Ғ.Мұстафин: «Жас көңіл тың жер тәрізді, не ексең сол шығады әрі мол шығады» деген екен. Ендеше, оларға осындай сіңірген еңбегімізбен үлгі, ақылшы болуымыз қажет. Ақылды адам қашанда ауылын өрге сүйрейді.

-Яғни өзіңіздің жүріп өткен жолыңыздың өзі жас толқынға ой салып, сол арқылы ауылдың кешегісінен хабардар етеді ғой. Ендеше, айта отырыңыз?

- "Ашта жеген құйқаңды, тоқта ұмытпа" деген, соғыстан кейін дүниеге келген біз арғы буынның қиындығын көрмесек те әлі ештеңе оңала қоймаған, соғыстан оралмаған боздағын жоқтаумен, «келіп қалар» деген үмітпен өткен шақ еді.

Мен 1948 жылы 5 маусымда Жарсуат округіне қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келдім. Кейін 1955 жылы алғаш мектеп босағасын аттап, 1966 жылы қазіргі М.Сиранов атындағы орта  мектепті бітірдім. Сол жылы Гурьев пединститутына қабылданып, оқуымды ойдағыдай 1970 жылы аяқтадым. Алғашқы ұстаздық еңбек жолым 1970 жылы Махамбет атындағы орта мектепте басталып, осы білім ордасынан 2011 жылы құрметті еңбек демалысына шықтым.

Енді осы жылдар ішінде бар қажыр-қайратымды сала еңбек еттім. Әлі есімде аудандық партия комитеті 1975 жылы оқу-материалдық базасы нашар, орталықтан шалғай, артта қалып, жаңа ғана сегізжылдыққа айнала бастаған Құрылыс мектебін басқаруға жіберді.

Ауданнан қашық, шалғай орналасқан Құрылыс ауылынан Жарсуат пен Индерге жаяу жүріп, қиындық көріп, барлық жауапкершілікті арқалаған жастық шақ естен кетер ме? Сол кезде аудан басшысы, марқұм Б.Майдыровтың: «Бисенжан, бұл қиындықты жеңіп, жұмысты жақсарту – сенің қолыңнан келеді, оған мен толықтай сенемін. Шыдау керек, бізден тек қана қолдау болады» деген бауырмал жанашыр – тілегі менің жұмыста өмір бойы сақталған бойтұмар, басшылыққа алған қамқор ағаның ақылы болды. Ауылдағы шопан, егінші-механизаторлардың тұрғын үйге аса мұқтаж екендігіне қарамастан Құрылыс ауылына жаңа мекен, монша, жатақхана, мектепке қосымша құрылыстар салдырып, өзімнен бастап бірнеше мұғалімдерге үй бөлді.

Көп ұзамай-ақ кадрлар тұрақтап, оқу-тәрбие жұмысы жақсарып, мектеп пен жатақтың оқу-материалдық базасы адам танымастай болып өзгерді. Аудандық партия комитеті бюросы мен атқару комитетінің «Білім саласына тағайындаған алғашқы ауыспалы туын» 1980 жылы мектептің жеңіп алуы – шынында педагогикалық ұжым еңбегі еді.

- Өмірбаяныңызда:  «Мектепте оқып жүрген кезімде «Жас талант» әдеби журналының редакторы болдым» деп жазыпсыз. Кейінде газеттің белсенді тілші-авторы болдыңыз ғой?

 - Мен алдымен сауат ашқаннан газеттің тұрақты оқырманымын. Анам жазда 1959 жылдан бастап "Баймағамбетте" егінші болып жұмыс істегенде, жүгеріні қорғап, қарға үркітуші болып еңбекке жастай араластым. Ол кезде адамдардың көбі оқымаған, сауатсыз еді. Әлі есімде, бәрінің өтініші бойынша жұмыстан кейін егіншілерге «СМШ» газетін ("Социалистік мал шаруашылығы" – «Дендер» газетінің бұрынғы аты – ред.) дауыстап, мәнерлеп оқып беретінмін, олар маған рахмет айтып, риза болатын. Көп нәрсе үйреніп, өміріме пайдасы тиіп, алғашқы мақала жаздым. 1963 жылы қазіргі М.Сиранов атындағы мектепке 9-сынып оқуға барып, мейірімді ұстаз Қ.Ғұмарованың бастауымен Мұқанғазы негізін қалап, қоғам және мемлекет қайраткері С.Құбашев жетекшілік еткен «Жас талант» әдеби журналының редакторы болдым. Студенттік кезде газетке ғылыми-тарихи мақалаларым жиі жарияланушы еді. Соның пайдасы  болар ІІ курста «Сарайшықта жүргізілген археологиялық қазбаның жаңалықтары» атты баяндамам республикаға жолдама алып, Мәскеу қаласындағы М.В.Ломаносов атындағы университеттің базасында өткен дүниежүзі студенттерінің ХІҮ ғылыми-практикалық конференциясына қатысып, халықаралық студенттер одағының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Алғаш музей ашылған жылдары конкурсқа қатысып, 2 жыл қатарынан халықаралық ғылыми конференцияға шақырту алдым. 2015 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ҰПУ-ң базасында өткен халықаралық конференцияда «Махамбеттің зерттелмеген қырлары туралы» менің баяндамама ғалымдар жоғары баға беріп, кітапқа енгізіп, әдейі сертификат берді. Осының бәрі баспасөзбен байланысымның нәтижесі деп білемін.

- Әңгімеңізге рахмет!

 

Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ.

Жарсуат ауылы.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru