Вы здесь: HomeМәдениетРух сыйлаған батыр ерлігі

Рух сыйлаған батыр ерлігі

Бөлімі: Мәдениет
07 Февраль 2019

Қашанда өз халқымыздың мақтанышы, жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаев ең алдымен еске түседі, оған деген құрмет сезімі жүректі иітеді, көңілді баурайды, ерлікке үндейді.

 Көктоғай округіне қарасты Қаңбақты елді мекенінде кедей шаруаның жанұясында дүниеге келген Нысанбаевтар отбасында 5 қыз, 4 ұл жалпы барлығы 9 ағайынды. Әкесі Мәстеков Нысанбай қарапайым мал шаруашылығымен айналысқан, анасы Мағрипа ертерек дүние салып, балалар әжесі Талшынның тәрбиесінде өседі.

1942 жылы 6 қаңтарда Есбол ауданының әскери комиссариатынан аттанып, №137 атқыштар дивизиясы 771 атқыштар полкі І батальонының қатардағы жауынгері - миноментші бола жүріп, Боран Нысанбаев І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Боран Нысанбаев Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясы үшін болған ұрыста жаудың атыс ұясын (дзот) жойғандағы ерлігі туралы орелдық «Сельская Правда» басылымында баяндалады: «...Боран ойланбастан саптан адымдай ілгері шығып: -Мен барамын маған рұқсат етіңіз, жолдас командир»,- деді.

Қасына 2 жауынгер ертіп, гранаталармен қаруланып, жау дзотына қарай еңбектей жөнелді. Жау дзоты жер бетін аямай-ақ ақтіліммен тілгілеп тұр. Алға қарай жылжу мүмкін де емес.Қасындағы 2 жауынгер оққа ұшты. Бұны көрген Боранның намыс оты лапылдап, ызасы келді. Ол шыдап тұра алмады. Дұшпанға деген ашу-ызасы бұрынғыдан да бетер қайнай түсті. Дзот тұрған сайдың тасалау жерін жапсарлап, жылжып жау бекінісінің ашық жағынан келіп, көз ілеспес шапшандықпен жау дзотына бір-ақ атылды. Осы сәт адам айтқысыз жарылыстан дзоттың күлі көкке ұшып, оқ сап тыйылысымен полк жауынгерлері «уралап» алға жылжып, шабуылды жалғастырды.

Талқандалған жау бекінісінің орынында немістің 28 офицері мен жауынгерлердің өлігі және комсомол мүшесі Боранның денесі табылды. Сөйтіп, дәл осы жерде өз Отанын жанындай сүйген, ержүрек, патриот Боран Нысанбаев қаһармандықпен қаза тапты»,-деп жазды. Теңдесі жоқ бұл ерлігі үшін «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. Боранның сүйегі өзі бұзған дзот орнының жоғары жағында 4-5 метр жерге қойылған.

Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін жерлестері де ерен қастерлейді. Оның туып-өскен ауылы Көктоғайдағы мектеп ауласында Батырға арналған ескерткіш және музейі жұмыс істейді.

2011 жылдың 27 тамызынан бастап Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Б.Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» бөлімшесі болып қайта жасақталды. Қазіргі таңда музейде 10 экспозиция 401 экспонат сақталып қорға өткізілді. Мұнда Боранның бейітінен әкелінген топырақ, снаряд жарқыншағы, парта, ерлігін бейнелейтін суретшісі Ю.Никельдің картинасы, бюстісі мен «Мәңгілік алау» төрде тұр.

Боран музейі келер ұрпаққа мұра қалдыруда, халық мұрасының кішірек қоймасы іспеттес. Шәкірттерді ізгілікке, ерлікке, достыққа, батырлыққа тәрбиелеуге тигізер әсері мол. Боран ерлігін біз әр кез ұмытпаймыз, мәңгілік жадымызда сақтаймыз.

Н.ҚУАТОВА,

Б.Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музейінің меңгерушісі,

Көктоғай ауылы.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru