Вы здесь: HomeМәдениетҚобыз жүрек бұлқынды...

Қобыз жүрек бұлқынды...

Бөлімі: Мәдениет
31 Май 2018

 
Өткен жылы ғана жаңа ғимаратқа көшкен Жарсуат саз мектебі шәкірттері бүгінде  өз ауылдастарына өнерден алғашқы сыйлықтарын да жасап үлгерді.
Соның бірі де бірегейі талаптың тайын ерттеп мінген жас қобызшы халықаралық, бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты Фархат Әбдісаламұлының жеке шығармашылық кеші болды.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» демекші, ол өз ұстазы, өнер киесіне айналған Қорқыт атасының киелі өнері қобызын өзіне серік етіп, бірнеше байрақты иеленген Сұлтан Қияқбаевтың шәкірті екенін ерекше атамасқа болмайды.

 Биылы Жарсуат балалар саз мектебін тамамдап отырған шәкірт өз ұстаздарынан алған тағылымын ауылдастарымен бөлісіп, ата-бабадан жеткен асыл мұра қобыздың қоңыр үнімен халықтың «Қасқыр», «Қоңыр» күйлерін, оған қоса «Ақбаян», «Батырлар ұраны» әнін орындап, ауылдастар мен ұстаздарының  зор ықыласына бөленді.

Түлектің жетекшісі Сұлтан Қияқбаев та  «Жаппас-Қобыз-Домбыра», Ықыластың «Қазан» күйлерін аңыратып, «Қобыз-қазақ, мұңмен-зары үндескен,  Қатпар-қатпар тарихымен тілдескен» дегендей, алыстаған ежелгі қалың жұрттың арманын қобыз тілімен әр көңілге орнатты.

Ауылдан ұшқан шәкірттің концертін мектептегі «Інжу-маржан» (жетекшісі Гүлдәурен Қорабаева) бишілер тобы «Наркескен» биімен әрлесе, әнші бозбала Ұлықбек ЖүнісқалиевТабылды ағасының «Мен-қазақпын» әнін  шырқаса, Азамат Жүнісов қазақтың бірнеше күйлерін домбыра үнімен сөйлетті. Көңілді кеште «Жарсуат жастары»  клубы мүшелері де өнерлерін көрсетіп, ән мен күй, әсерлі әзілмен де  астасты.

«Мәңгілік ел» әнімен шымылдығы жабылған өнер кешінде осылайша сонау ғасырлардан бері мәдениетіміздің алтын қоры болып табылатын киелі қобыз үні ауыл мәдениет үйінде  ерекше шабытпен шалқыды.

 Жарсуат ауылы аспаны толғанып, бабалар ісін жалғастырушы қобыз жүрек бұлқынған кеудесі бар жас өнерпаздар толқыны өсіп келе жатқанын танытты  келешекке.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

Жарсуат ауылы.

 

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru