Вы здесь: HomeМәдениетЕсептік концерт елді ұйытты

Есептік концерт елді ұйытты

Бөлімі: Мәдениет
31 Май 2018

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты мақаласында «Ұлттық салт-дәс­түр­леріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.

Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы» деп ұлттық мәдениетімізді сақтамай ешқандай жаңару болмайтынын айтқан болатын.

Міне, жақында осының бір үлгісі ретінде аудандық өнер мектебінің есігін үкілеген үмітпен ашып, өнерге жақындай түскен талапты өнерпаздардың жолын ашқан ұстаздардың есептік концерті биыл ару Астанамыздың – 20, қара алтынды өлкеміз Атыраудың – 80 және ауданымыздың құрылғанына – 90 жылдығына арналды.

Сахна шымылдығын мұғалімдер оркестрінің орындауында Құрманғазының «Адай» күйімен ашылып, вокал бөлімінің мұғалімі Ерболат Кәрімов «Саржайлау» әнін шырқаса, мұғалім Айдар Адилов шәкірттерімен Құрманғазының «Балбырауын» күйін баян аспабында орындады.

Сонымен бірге, өнер шеберлері Е.Кәрімов пен Перизат Таңатар шетелдік «Ганны и Данило» әнін Ерғали Байбоздың күйсандықта сүйемелдеуімен орындап, көпшілікті тәнті етті. Одан әрімен Айнұр Жұбанышқалиева Ықыластың «Жезкиік», домбырашылар ансамблі Қ.Ахмедияровтың «Бауырым» күйін күмбірлетсе, Айнұр Нұриева мен Айгүл Есқалиева Сен-Санстың «Лебедь», Раушан Иманбаева Доброхотовтың «Фантазия» сазды әуендерін әуелетті. Ал Гүлбаршын Сариева шырқаған «Сағындым Жайық» әні көрермендер тарапынан зор қошеметке бөленсе, өз кезегінде қобызшылар квартеті Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін әдемі орындап берді.

Мерейлі мерекелік концерт барысында халық әні «Ау, құрбымды» Г.Сариева мен Қ.Досымова орындап сахна сәнін келтірсе, мектептің биші қыздарының мың бұрала иірімдерімен А.Патихова «Сәукелем» әнімен көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ жігіттер квартеті «Рахмет, саған, туған ел!» әнімен өнерсүйер қауымды толқытып жіберді.

«Мен қазақпын» әнін көрермендер Ерболат Кәрімовпен бірге шырқаған кеш соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Тілепқалиева сөйлеп, аудан мәдениеті үшін еңбек етіп келе жатқан үлкен ұжымға шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тіледі.  

Диас  АЙБАР.

Суреттер автордікі.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru