Вы здесь: HomeМәдениетКолледж ұжымы өнерімен тәнті етті

Колледж ұжымы өнерімен тәнті етті

Бөлімі: Мәдениет
26 Апрель 2018

«Менің елім -бақыт бесігі» атты көркемөнерпаздар байқауын бұл жолы Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінің ұжымы жалғастырды.

Байқаудың шарты бойынша көрерменге ұсыныл-ған «Ашық аспан астындағы кездесу» атты қойылым әсерлі көрінді.

Қойылымда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың 1978 жылы 4 мамырда Индер өлкесіне келуі баяндалады. Бірінші хатшыны облыстық, аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Оңайбай Көшеков, Болат Майдыров және экспедицияның бас геологі Қасым Тұхфатов қарсы алып,  «Оңдасын жалы» бойында ашық аспан астындағы мұражайда Индер байлығын тамашалап, оны елдің ризығы үшін игеру жайын талқылайды. Негізгі рөлдерде Есбол Өтеуов, Жанболат Хамитов, Жұмаберген Бөзекенов, Руслан Ғазизов сынды колледж жігіттерінің қайраткерлер бейнесін шынайы сомдауға ұмтылуы қазылар алқасы тарапынан оң бағасын алды. Ел игілігіне қызмет еткен бұл тұлғалардың еңбектері Қазақстанның Құрметті журналисі Сансызбай Базарбаевтың жазбасы арқылы дайындалғанын жүргізушілер қаперге берді.

 «Туған жерім», «Есілдің жағалауы», «Астана», «Ақ жайық ару мекенім», «Туған жер» сынды бірінен-бірі өткен  ән мен күйлерді  Бағдат Әбенов, Айдос Жанғалиев, Аңсар Нұрғалиев, Өтеген Нұрмағанбетов, Әнель Қарымсақова, Сымбат Жапақова, тағы басқа өнерпаздар орындап, көрермендерді тәнті етті. Қ.Қапиздің «Дендер», Ә.Нәбиевтің «Туған жер» өлеңдерін Гауһар Бопасова мен Балғын Мырзахметова нақышына жеткізді. Ұжымның мың бұралған бишілері де әсерлі шықты. Белгілі өнерпаз Балғаным Бақтиярованың баянмен сүйемелдеуімен хор ұжымы жергілікті ақындар Е.Көшек пен М.Төлегеновтің «Индер жастарының әні» мен М.Ниязбеков пен Ө.Байділдаевтың «Туған ел» әнімен аяқтады. 

- Байқау талабына сай колледж ұжымы ән мен биін де, қойылымын да, режиссуралық дайындығын да, кеш жүргізушілердің шеберлігін де көңілден шықты деп айта аламын. Ұжым мүшелері кәсіби өнерпаз болмаса да сахнада сәтті  өнер көрсетуімен қатар сахналық детальдарды жоғары дәрежеде ескере білген. Жалпы ұжым әрбір нөміріне дайындықпен келіп, көрермендерге ұнайтындай әсерлі кеш шығарды, -деді концертті қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы,  аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева. 

Сонымен қатар Бақытжан Құнас басқаратын ұжымның мәдениет үйі фоесінде дайындаған көрмесін де тамашалаушылар көп болды.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru