Вы здесь: HomeБілім және ғылымҰлттық журналистика өз болмысын сақтауы керек

Ұлттық журналистика өз болмысын сақтауы керек

29 Январь 2019

Қазір жастар «заман басқа ғой» деген сөзді көп айтады.

Мен бір-ақ нәрсені білемін: қазақ деген ұлт бар, сол ұлтқа тән тәрбие, сол ұлттың мұңын мұңдайтын, жоғын жоқтайтын рух болуы керек, сезім мұң болуы керек. Оның заманға қандай қатысы бар? Сонда заман осындай екен деп, ұлттың сөзін сөйлемеуіңіз керек пе? Онда сіз өзіңізді-өзіңіз жоғалтасыз ғой. Журналистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін мамандық. Заман дұрыс. Мүмкіндіктер кезеңі туды. Әркім өз ісімен айналысуы керек.

Бұрын журналистика факультетіндегі мұғалімдердің ең осалының өзі студентке бағыт-бағдар беруге жарайтын, кімді оқу керектігін, не оқу керектігін айта алатын. Ал қазіргі мұғалімдердің деңгейі қандай екенін білмеймін. Бізге тәжірибеден өтуге келген студенттердің деңгейіне қараймын да, байқаймын. Біздің «Алматы ақшамында», «Тұлғатану», «Тұлға-тағдыр», «Адамдар.Жылдар. Тағдырлар», т.б. айдарлар бар. Оларды не үшін аштық? Тұлға – бағыт-бағдар беруші, биік адам. Қазір қоғамда сондай тұлға бар ма, жоқ па? Тұлға бар, бірақ ол қызмет ететін тұлға ма, жоқ әлде қолдан жасалған тұлға ма? Осы мәселелерді көтеріп, тұлғаға айналған адамдардың тағдырын, өмірін жазу арқылы жастарды тәрбиелейміз. Қанша тұлғалардың өмірі қағазға түсіп, тағдырлары туралы жазылып жатыр. Осы айдар аясында кейбір тұлғалар туралы жазғанда қиналмайсың. Ал кейбір тұлға атанып жүрген адамдар туралы жазайын десең, жұртқа аты мәлім болғанымен, өмірінен іліп алар ештеңе таба алмай ит боласың. Не бір түзу сөзі жоқ. Сондықтан журналистика факультеттерінде студенттің келешектегі тұлғалық қасиетін қалыптастыруды жолға қою керек. Журналист – биік тұлға болуы керек.

Біздің кезімізде журфак университеттің ішіндегі университет болатын. Үздіксіз кездесулер өтіп жататын. Ақын-жазушылар жатақханада жүретін. Мүйізі қарағайдай мықты-мықты редакторлар келіп, дәріс оқитын. Сөйтіп, балаларға жан-жақты тәрбие, білім беру мәселесі ерекше дамыған еді. Ал қазір сол бар ма, жоқ па, білемеймін... Біз 3-4 курстарда оқып жүргенде журналистік шеберлік деген курс болатын. Сол курс сіздің журналист болатыныңызды, болмайтыныңызды айқындайтын. Ол кезде газеттегі бөлім бастықтарының есігін ашып кіре алмайтынбыз. Бұл не деген сөз? Сол кездегі журналистика деңгейі қандай болғанының белгісі. Қазір осы саланың өзінде адам танымайтын ұрпақ өсіп келеді. «Оралхан Бөкейден сұхбат алып келейін, соткасын бересіз бе?» деп зәремізді алғандар болған.

Журналистика факультеті кезінде екі-үш-ақ жерде болған: КазГУ-де және Қарағанды университетінде, сосын жоғары партия мектебінде. Қазір көшедегі дүңгіршек тәрізді көрінген жерде журжак бар. Елдің бәрі журналист болғысы келеді. Журналистика теледидарға шығып, танымал болу үшін ғана керек сияқты болып көрінеді. Шындығында, шешен сөйлеу де – адамға Құдайдан берілетін өнер. Зерттей білсе, әр адамның бойында сондай бір өнер бар, бір салаға бейімділік бар. Бізде адамның сол қабілетін ашу деген жоқ. Бірден ұлы болғысы келеді.

Қали СӘРСЕНБАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

белгілі қаламгер.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru