Вы здесь: HomeБілім және ғылымОқулықтағы олқылық оқушыны адастырады

Оқулықтағы олқылық оқушыны адастырады

20 Декабрь 2018

«Атырау» газетінің биылғы №48 санында Г.Ниетқалиевның «Тарихи факті неге бұрмаланады?» атты мақаласы шықты.

Осы мақалада З.Е.Қабылдинов, Ж.Н.Қамиев, А.Т.Бейсембаеваның авторлығымен 2018 ж.баспадан шыққан 8 сыныптың оқулығындағы Махамбет Өтемісұлының «Жем өзені бойында қазаға ұшырады» деп оқулыққа енгізген Т.Окуневаның картасындағы қате фактіні көрсеткен. Менің де оқулыққа байланысты ойларымды жазуға осы мақала түрткі болды. Ішкі Бөкей Ордасындағы 1836-38 жылдардағы көтеріліс көсемдерінің бірі және бірегейі - М.Өтемісұлы, оқулықта көрсетілгендей Жем өзені бойында емес, Жайық өзенінен 50 шақырымдай шығысқа қарай «Қарой» деген жазықта опат болған. Бұл жер Атырау облысы, Индер ауданы, Жарсуат ауылдық округіне қарайды. Дендер тауына жақын. Қазір сол жерде М.Өтемісұлына арналған үлкен тарихи-мәдени кесене тұрғызылған.

Мен Жарсуат ауылы Махамбет атындағы орта мектепте 20 жылдан артық басшылық қызметте болдым. Қазір тарих пәні мұғалімімін. Оқушылар: «Ағай, мына оқулық картада Махамбет опат болған жер деп Жем өзені бойын көрсетіп қойыпты» дегенде, «оқулық» үшін ұялып қалдым. Тарихи дәлелдер мен дәйектемелерге сүйенсек, Махамбет Өтемісұлы бұрынғы «Қарақалпақ-Қабанбай» деген жерде Баймағамбет сұлтанның шабармандарының қолынан опат болған. Махамбет өліміне байланысты ол жер кейіннен «Қарой» аталған. Сүйегі бассыз сол жерге жерленген. Кейін ғана басы денесімен табыстырылып қайта жерленді. М.Мөңкеұлы өлеңінде осы жер атауларын:

Қабанбай, Қарақалпақ,

Малайсары- Кенжеден көрінеді жердің бәрі.

Су ішіп Кетебайдан шыққанымда,

Мәтештен асушы еді жылқы малы,- деп жазған. ХVIII ғ.Кіші жүздегі атақты билердің бірі Малайсары да осы Қаройдан 1-2 шақырымдай жерде жерленген, қазір үлкен кесене тұрғызылған.

Махамбеттің мүрдесі жерленген жер туралы Бектұрғанов Құрақ ақсақалдың ұлы Амангелді Бек-Құрақтың «Әке аманаты» кітабында былай делінген: «Біз сол күні Қарой бойында үлкен қауымға келгенімізде атам: «Құрақ! Әкем Ташкеннің аманатын саған тапсыру үшін сенің соғыстан аман-есен келуіңді тіледім.Тілегімді құдай берді. Енді сенің кезегің келді. Атамыз Бектұрған Ташкен әкеме, ол маған, ал мен саған аманат етемін. Мына атамыздың құлпытасынан отыз-отыз бес сажын жерге Махамбет Өтемісұлы мүрдесі жерленген. Денесі төменде. Ол киіз үйдің керегелерімен жабылған, ал басы керегенің үстіне соңынан жерленген, - деді. Сенің уақытың келіп, осы құпияны ең адал, айтқаныңды бұлжытпай орындайтын ұлыңа аманат етерсің...»- деген екен. Міне, дәлел. Оған қоса біздің Махамбет атындағы орта мектепте «Атырау облыстық тарихи-өлкетану әдеби – мемориалдық мұражай» бөлімшесі бар. Сонда осыған байланысты фото-дәлелдемелер бар және бір еске салатын 8 сыныптың оқулығында 24-25 параграфтың тақырыбы: «Бөкей ордасы қазақтарының 1836-1838 жылдардағы көтерілісі» деп берілген. Тарихи - философиялық ұғымдардың мән-мағынасына келсек, бұл тақырыптан сол кездегі қазақ шаруаларынан құрылған тобырдың бас көтеруі сияқты мағына беріп тұр. Кез келген тарихи оқиғаның басында көсемдері, бастаушылары болады. Егер сол тарихи кезеңдегі қазақ кедей-шаруаларының басын біріктіріп ортақ мақсат-мүддеге тоғыстырып ұлт-азаттық үшін күреске И.Тайманов пен М.Өтемісұлы ұйымдастырмаса көтеріліс болар ма еді? Болса да кең аймақты шарпып 2 жылға созылған ұлт-азаттық қозғалысқа ұласуы мүмкін бе еді? 2013 жылы Атырау қаласындағы «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан жарық көрген, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Атырау облыстық әкімдігі, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бірігіп шығарған «М.Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына арналған «Махамбет- ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары» кітабындағы жазушы, ғалымдар еңбектері М.Өтемісұлының көтеріліс көсемі И.Таймановтың оң қолы, көтерілістің рухани демеушісі, қолбасшысы болғандығын дәлелдейді.

Тіпті көтеріліс жеңілгеннен кейін де Махамбеттің Хиуа ханына баруы, Түркімен ханымен одақ құруға ұмтылуы жай қолбасшының іс-әрекеті емес. «Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруға ұмтылған көсем бейнесі» деп бағалауға болады. Сондықтан оқулықтағы тақырыпты «И.Тайманов пен М.Өтемісұлы бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыс» деп алсақ дұрыс болған болар еді. Қазақстан тарихында батыс өңірі әлі де дұрыс зерттелінбей, зерттелінген еңбектер оқулыққа дәлел-дәйектеме ретінде алынбай жүр. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ғалымдарының құнды еңбектері неге оқулық жазғанда пайдаланылмайды деген ойда қалдым. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Мәңгілік Ел» болу үшін ұлттық жаңғыру керек, ел бірлігі, ел тұтастығы керек деді. Олай болса, тарихи оқиғалар мен тарихи фактілерді жинақтауда Қазақ елінің тарихшылары бірігу және оқулықтағы қателерді түзеу керек.

Қ.Жаналисов,

Махамбет атындағы орта мектептің жоғары санатты тарих пәні мұғалімі.

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru