Вы здесь: HomeАудан тынысыҚойдың жүні кәдеге жарай бастады

Қойдың жүні кәдеге жарай бастады

Бөлімі: Аудан тынысы
26 Апрель 2018

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығының бір кешеуілдеп қалған тұсы малдың жүнінің игерілуі болып отыр.

Негізінен көп жағдайда қырқылған мал жүнінің жиналмауынан далада қоқыс болып үйіліп қалып жатыр. Соған байланысты облыста «Каспий Лана Атырау» ЖШС жүн өнімдерін өңдеу және тоқыма фабрикасы шашылып жатқан жүндерді пайдаға асырып, кәдеге жарату үшін жұмыс жасауды қолға алып, аудандарды аралап, шаруа қожалық иелерімен кездесіп келеді.

Құрамында облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот Мұқанов пен «Каспий Лана Атырау» ЖСШ-нің құрылтайшысы Әлімжан Балжігітов бастаған топ ауданның шаруа қожалық иелерімен әкімдіктің мәжіліс залында жүздесіп, аудан әкімі Серік Арыстанның төрағалығымен осы бағыттағы жұмыс зерделенді.

Сөз алған көктоғайлық «Жанбай» ШҚ басшысы Ғалымжан Нұғыман бұл басталған жақсы істің берекесі болатынын айтып, өз ойын жеткізді.

-Негізінен мал шаруашылығы өнімдерінің ішіндегі күрделісінің бірі – жүн мәселесі. Аудандағы жеке шаруа қожалықтар мен құрылымдардың жүнді тікелей сорттап облыстағы фабрикаға апаруға біреуінің жағдайы келсе, біреуінікі келе бермейтіндігі белгілі. Енді осы бағытта ауданнан бір құрылым жұмыс жасаса әрине, құба-құп. Оған біз өз өнімімізді тапсыруға жұмыстанамыз. Күні бүгінге дейін өз басым малдың жүнін Астрахань, Орал, Ақтау қалаларынан өнім іздеп келгендерге өздерінің сұраған бағасына беріп жіберіп жүрмін. Оның қасында 50 теңге бірталай ақша,-дейді ақсақал. Бұл жөнінде Әлімжан Қапанұлы біріншіден 50 теңге тұрақты баға емес екендігін, қазіргі таңда біздің өнімімізге қызығушылық танытып, сатып алуды көздеп отырған қытайлық компанияларды іздеп жатырғандығын, алайда табылған тұста олардың бағалары жоғары болса, әрине сіздерден сатып алатын бағада да өсім болатындығын айтты. Өз сөзінде хабарламашы бұрындары таза, жуылған өнім алынатын болса, ал енді буылған өлшемде алынатындығын қаперге берді.

Біраз жыл қой шаруашылығында еңбек еткен өрліктік Шамұрат Абилов түйе жүнін қалай қабылдайтындығы жөнінде сұраса, мекеме өкілі түйе жүнінің бағасы түсіне қарай бөлінетіндігін хабарлады.

Өз ойымен бөліскен елтайлық Кеңес Жалмұқашев: - Біздің облыста қаракөл қойы сирек, тек қылшық жүнді қойлар. Аудан бойынша жекенің малының жүнін бір ғана адам жинай алмайды. Әрбір округтен жеке тұрғындардың малының жүнін қағып, сілкіп жинайтын маман шығару керек,-деп әңгімеледі. Бұл жөнінде аудан әкімі Серік Арыстан окург әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізу керектігін, яғни, әрбір ауылдық округтен бір маманды шығарып, ықпалдасып халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Өзінің техникасы сайлаулы, жүнді жинаймын деп ниет еткен адамға барлық жағдай жасалғанын «Каспий Лана Атырау» ЖСШ-нің құрылтайшысы Әлімжан Балжігітов хабардар ете келе, болашақта малдың басын еттік жүнді бағытта асылдандырса деген ұсынысын айтты. Айта кетейік, малдың жүнін тапсырамын деген тұрғындар болса мекеме нөміріне (87122766184, 87015141476) хабарласуына болады.    

Жиында қорытынды сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот Сайполұлы уақытты көп ұзатпай ақылдасып, алдағы мамыр айының алғашқы аптасына  дейін осы бағытта жұмыс жасайтын маманды жұмылдыру керектігін айтты. Ал аудан әкімі Серік Бисешұлы бұл бағыттағы жұмысты қолға алып, ауыл шаруашылығы саласын одан әрі өрістете түсетіндіктерін жеткізді.

Ендеше «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсірдің» заманы қайта келе бастағандай.

Диас АЙБАР.     

 

 

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru