Тіл - тұтастық тұғыры

Елбасының Түркия еліне сапарында «Ортақ тарих пен рухани құндылықтарға негізделген қарым-қатынастарымыз қарқынды дамып, барлық бағыттар бойынша нығая түсуде» деген тұжырымды әлденеше рет  қайталады.

Соның ең басында  сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, білім және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету жұмыстарының қарқынды жүргізіліп келе жатқаны ерекше қозғалды.

Ал осы кездесудің алдында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған  Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде: «Қазақстанның латын графикасына көшуі-түркі тілдес елдердің жазу мәдениетін жақындастыра түсетін айтулы жаңалық.

Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жүзеге асырылды. Тағылымы мол тарихымызда Фараби,  Яссауи,  Абай,  Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» жобасын әзірлеуді ұсынамын» деген болатын Президент.

Сондай-ақ Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі атырапта, Сахарада байырғы бабаларымыздың іздері сайрап жатқан Түркі халықтарына қасиетті ұғымдарды көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа қалдыру үшін «Түркі әлемінің киелі жерлері» жобасын қолға алуды ұсынды. Жоба Түркі әлемінің мәдениеті мен тарихын насихаттауға зор үлес қосатынына сенім білдірді. Осы ретте түркі кеңесі жастарының құрылтайын жүйелі ұйымдастыруға шақырды.

Міне, осындай келелі міндеттерді шешуде Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі-түбі бір түркі жұртының рухани байланыстарын одан әрі нығайтып, оны жаңа белеске көтерілуіне негіз қалайтыны атап көрсетілді.

Бұл тұрғыда аталған маңызды мақаласында Президент: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап көрсеткен болатын.Әлем халқының 70 пайызы латын әліпбиін пайдаланып отырғанда, жас мемлекеттің өркениет көшінен қалуы тіптен мүмкін еместігі тағы белгілі.

Сондықтан да халықтарды, соның ішінде түбі бір туыстас ұлттардың өзара ынтымағына көмектесетін латын әліпбиіне деген зор үміт пен сенім жүгі артылуы заңды да. Бірліктің айғағындай, дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі, түркі кеңесі аясында жастар саясаты саласындағы байланыс, ынтымақтастық артып, жастар фестивалі, Түркі жастарының лагері, Бірінші студенттік Түркі универсиадасының ұйымдастырылуы да осы бағыттағы жұмыстардың қарқын алғандығын таныта түседі.

Сонымен бірге Кеңеске мүше мемлекеттердің мәдени-тарихи қалаларын қамтитын «Заманауи Ұлы Жібек жолы» атты 14 күндік арнайы туристік жобасы әзірленбекші.

Аталған кеңесте Президент Қазақстанда ғылыми-ағартушылық жұмыстарға ерекше назар аударылып, ортақ түркі тарихы оқулығы әзірленіп, мектептер бағдарламасына енгізіле бастағандығын, Халықаралық Түркі академиясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан аса кітап шығарып, төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап оны жариялауға арналған «Аталар мирасы» порталының іске қосылғандығын да атап өтті. Туысқан елдердегі тіршілік дамуына басып отыратын «Түркі барометрі» әлеуметтік зерттеу жобасы да жүзеге асырыла бастаған.

Сайып келгенде табысты іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай, латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің әзірленуі  көптің көңіліне қонған шаруа болып отыр.

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлықтағы міндеттерді орындаудың мерзімдік кестесі жасақталып, бұл мәселені толық сараптайтын бірнеше жұмыс топтары құрылып, бүгінде жүйелі жұмыс істеу үстінде.

Осы ретте А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты ғалымдарының тікелей қатысуымен «Қазақ емлесінің негізгі ережелері» атты жоба дайындалып, талқылануға ұсынылды. Сол секілді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығындағы орфографиялық топ та өз жұмысын атқару үстінде.

Бүгінде бұл орфографиялық топ латын –қазақ әліпбиіне қатысты тілдің жаңа емлесін пысықтап, орфография және орфоэпиясын сараптап, емле толық түзелген соң тиісті сөздіктерді қалыптастыруға жұмыстанбақшы.

Осы тақырып «Қазақ ұлттық жазуы: терминтану және ономастика» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда да жан-жақты сөз болған. Онда тыңдалған «Латын графикасына негізделген қазақ жазу және емле ережелерін жетілдіру», «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің төте жолы», «Әліпби-замана сұранысы», «Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымдары және жаңа емле», «Қазақ териминологиясының өзекті мәселелері: терминтаным, терминжасам, терминография» және тағы басқа тақырыптар қозғалған. Бұл барлық атқарылып жатқан жұмыстардың бір сарасы ғана.

Алда одан да маңызды жұмыстар бар. Ең бастысы тарихы ортақ, тілі жақын, тамыры бір, рухани және мәдени құндылықтарды тоғыстыратын түркі халықтарының төрт құбыласын түгендеп, басын біріктіретін-қазақ тілінің көкжиегі көркем бола түскей, әманда.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521