Алагөбең

Алағаншық. Қараша қаздар қайтқан шақ. Теріс-тіктен шығысқа қарай ойысқан ызғырық жел орай соғып, алғашқы түскен ұлпа қарды ұйытқыта алағаншық ойнатып тұр. Түніменен маңды торыған қанды ауызды сезді ме ауладағы ала төбет те ауыз жаппады. 

Әлсін-әлі оған ай-тақтап, түн ұйқы-сын төрт бөлген Болат та көңілінің хошы жоқ  ат қораға ағасынан бұрын келіп, ақ қырау танауымен, қос құлағын тіктей осқырынып тұрған жирен қасқаны жолға дайындауға кірісті.

Бұл жолы өгіздің жонарқа терісінен жасалған қайыс жүген, ноқтасымен салынып, күнделікті шабан жүріс емес ат арқасына тимейтін алыс жолға арналған ерді қолына алды. Белдеуде қыстырулы тұрған ағаш тарақпен тарап-тарап жіберді де бір Құдайға сыйынып, ерттей бастады. «Атыңды аясаң, айылын дұрыс тарт» деген, шап айыл мен төс айылын өзіне-өзі сенбей тағы тексеріп әлек.

Сөйтіп болғанша аң терісінен жасалған бөрігінің құлақшынын қайыра байлап, атқа ыңғайлы қой терісінен жасалған қысқа тон киген, қонышы жуан саптама етікті ағасы Базарғали да келді. Ол өзі тапалтақ келген, жалпақ бетті, қыр мұрынды, ақ сары жүзді, құдай мойын омыртқадан жарлы қылғанмен, екі иығына екі кісі отырар иық берген батыр денелі, шымыр жан. Мінезге бай. Бірақ, бұл жолы ағасында төтен өзгеріс бар. Інісіне қарата:

–Ауылға бар да шапшаң қайт. Шаруаңа мұқият бол! – деп сөзін қысқа қайырды да жирен қасқаға тақым басты. Әншейіндегі құдықты жағалаған баспақ қуар қайыс қамшы емес, он екі өрме дойырдың өзі ат көзін ойнатқандай жирен қасқа бірден суыт жүріс, желіске түсті. Мұндай алагөбеңдегі аттаныс бұрын-соңды болмаған еді.

...Бірақ, Болат ағасы мінген жиреннің ауладан шығарда тезектегеніне   іштей риза. Өйткені мұндайды «жол боладыға» балайтын жақсы ырым бар-ды.

Дегенмен, ағасының бұл сапарының астары мүлдем басқада. Апыр-ай, Болаттың қойнынан қара жылан өтіп кеткендей тұла бойы дір-дір етті. Өмір бойы бірге келе жатқан ағасының «шапшаң қайт» деген бір ауыз сөзінің өзі үнемі жылы шырай тете өскен Болат үшін төбеден жай түскендей.  Маңдайынан мұздай тер бұрқ етті.  

...Ағасының барын енді ұқтырғандай алып сезім оны жаңа ғана аттанып кеткен бауырының соңынан қайта-қайта қаратты. Алайда ұзап кеткен жолаушының сұлбасын қалың шағыл көзден тасалап үлгерген екен.

Қорадағы малды жайлап тастаған Болат ұнжырғасы түсулі үйге қарай беттеді.

Ауылдағы бір ағайынның садақасы бар еді. Соған дұға етіп қайту қажет. Әлгінде Анар жеңгесі ауылдағы мектеп жасындағы балаларға бас-көз болып отырған анасына дайындап қойған сәлемдемесін алды да көлігіне мініп, жолға шықты.

Ұзақ жүріс жолаушыны әуреге салды, қараптан-қарап уайым жегізді. Қараша қаздар қайтқан бұл мезгіл қауіпті. Жауын-шашыны, үйреншікті жауы ит-құсы бір басқа, ұры-қарының ашкөзденетін де шағы бұл.

Аштықтан емес, тойынғандықтан. Жиырма сегіз бас торы айғырды бір түнде кім айдап кетуі мүмкін. Бүкіл табын ажырамай бір жүретін еді. Үйірді алып кететіндей айғыр да, бие де осы жердің төл құлындары. Әкесі марқұм Нәсер де өмір бойы жылқы бағып өтті.  Оның тәжірибесінде де мұндай құбылыс болып та, айтылып та көрген емес. Не болса да бір жайсыздау жайт. Тегін емес. Ағасын жүріске салып қойғанына өкініп келе жатқан ол бар кінәні өзінен тапты.

 –Кеше ғана ауыл шаруашылығы күні қарсаңында «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» деген лентаны аудан орталығынан кеудеме тағып оралып едім. Соны көтере алмай қалдым-ау. Әй-й, марапат сенің не тәшің. Саған марапат берген өкімет те ақымақ, – деп іштей өзін жеп келе жатыр.

Бұл күйінудің де жөні бар. Әкесі марқұм «Правда» совхозында жылқы бағып, үкіметтің малын шашау шығармай абырой жинаған адам. Сол құтты құрық балалары Базарғали мен Болатқа дарып, заман талабына сай «Думан» атты шаруа қожалығын құрып, атакәсіпті өркендетіп келеді.

Ағайынды екі жігіттің бұл жұмыр істеріне жұрт қызыға да, қызғана да қарайтын. Қайырымдылық шараларына қатысып, ауылға қолғабыс жасап та тұрады. Осы еңбектері үшін  Базарғали өткен жылы облыста «Жылдың үздік демеушісі», ал енді міне, Болат ауданда «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі». Сол қуанышына орталықтағы құрдастары ортақтасып, аз-маз көңілді отырыс, ондайда ермек бола кететін алақағаз ойыны болғаны да жасырын емес. Сөйтіп, бірер күн орталықта кешігіп, мал шала  түгенделгендей.

«Көз тиді ме, сөз тиді ме?!» деп жол үстінде Болаттың жанын қоярға жер таппауы содан еді. Көп кешікпей ауылға да жетіп, садақалы үйге көңіл білдіріп шыққан Болат бұрынғыдай ешкіммен емен-жарқын әңгіме айтпады.

Тұла бойын тынымсыздық кернеп, жолға шығып кеткен ағасын, ол іздеген малды ойлап алаңдауы  бір басылмай-ақ қойғаны. Боршалаған буаз інгендей боз далаға босып кеткісі-ақ келеді.

Сол күйі малшы ауылдың хал-жағдайын сұрап бәйек болған анасына да асығыс амандасып, келіні беріп жіберген азық-түлігін тапсырып, тізе сындырмай дереу қайта шықты.

–Мал-жандарың аман ба? Тынышсыңдар ма? – деген Ақзира анасының сөзін естісе де басын асығыс  изеп, кететін ыңғайын танытты.

 – Не дейді? Соншама асыққаны несі?– деп шеше байғұс немерелерін қақпайлап, Болаттың жұбайы Дәмира келінімен бола берді.

Мал ашуы ма, жан ашуы ма кеудедегі  шер құйын болып дулап, жанын қоярға жер тапқызар емес. Үй-ішінен өзіне ілесе шыққандардың сөзін тыңдар-тыңдамас күйі үнсіз «УАЗ» көлігінің есігін сарт ете жауып, өзі келген бағытқа бұрып, желдей есіп, қара жолды қақ айырып келеді.

Міне, осы сәтте ағасы Базарғали да «Тоқбайдың» бытқылын шолып, «Толыбай» жазығына түскен еді. Біраз жерді аралап, кездескен жылқыны қарағанмен іздегені кездесер емес. Көптен бері мұндай бауыр жазар жүріске түспеген жирен қасқа да құлағын кезек-кезек қайшылай, иесінің ыңғайына қарай жосып келеді.

Бұл өзі біраз сыннан өткен, алыс жүріске төзімді әрі сенімді белді ат. Мойны қысқа, дене бітімі жұмыр, діні жуас, аяң жүрісі жанға жайлы, ал желіп кетсе қарсы соққан желден көзіңнен жас парлата жүрісті өндіре шабатын сенімді жылқы.

Сондықтан да мұндай сапарларға осы тұлпар таңдалатын. Үнемі шабыс атты тез болдыратынын білетін Базарғали аяң жүріске салып, тынықтырып алатыны да бар. Жылқының бұрынғы жайылар өрісі мен жусап тұрар жазығын, әйтеуір, біраз жерді шөлкеді.

Шықпаған қыраты, кезбеген сайы қалмағандай. Енді қай жаққа  қарай ойысарын өзі білмей әлек. Көктауға қарай шықса жер шалғай, сүреңсіз, қолайсыз, айнала қурап, мүлгіген меңіреу мезгіл. Тіпті, ұшқан қарға көрсең содан елге сәлем жолдайтындай.

Оның үстіне таңертеңгі қылаулаған қар, ұйытқыған жел түс ауа сейіліп, жерді ала-құла етсе, енді етектен көтерілген қара бұлт көңілдегі қорқынышты еселетіп, иесіз дала тым қауіпті көрінеді. Арагідік желдің екпінімен ақселеу, еркеккөктің ызыңдаған дауысы ғана құлаққа емескі-емескі естіледі. Жым-жырт, маң дала.

–Қой, «Ұрыста – тұрыс жоқ» деген кәрі қойдың еті пісер қысқа уақыт күрмеуге келмей, қазір-ақ кеш түседі, – деді де Базарғали атын сәл суытып алған соң қайтадан жүріп кетті.

 Ендігі бағыты сонадайдан көрінетін «Бектен биігі». Айналасы қоңырлық сол қыратқа шықса төңіректегі жыбырлаған жан тегіс көрінетін. Шағылдың бір жаманы – қабақ, сайы, шоқалағы көп болғандықтан аттың аяғын бастырмай діңкелетіп болады. Ал мына жазық керім енді.

Жирен қасқаны тебініп жіберді де бауырын еркін жазуына ерік берді. Жаңа ғана айылын тағы бір тартып, ер-тұрманын жөндеп алған соң қауіп жоқтай ен далада жауға шапқан жауынгердей бір өзі тапатып келеді. Біреу-міреу көрсе мынаның есі дұрыс па дер.

Бірақ, уақыттан ұтылмау үшін осындай шапшаң жүріс қажет. Әне-міне дегенше көздеген биіктің де қарасы көрініп, тізгінді тартты. Қазақта «Молаға қарай жүгірме» деген тыйым сөз барын білмейді емес, біледі.

Төбеге жай жүріспен көтерілді. Бұл жерде ертеден қалған зираттар бір қорым болып жатыр. Сондықтан соған бет сипап, тағзым жасады да Бектен әулиенің басына келді. Бұл – атақты жылқышы Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаеваның арғы атасы. Заманында жылқылы бай, әулиелілігі де болған деседі. Тіпті мал ауырса осы жерге түнететін болған. Кейін ұрпақтары арнайы белгі қойыпты.

–Қасиетіңнен айналайын, Бектен ата! Адасқанға – ақыл, ыққанға – пана, ауырғанға – шипа болғансың. Топырағың торқа болғай! – деп, қазақи дәстүр жолымен бір уыс топырағын тастады.

Иә, бұл биіктен қарағанмен де ұшы-қиыры жоқ даладан ештеңе таппайсың. Тағы суыт жүріс. Енді Бесұлтанның быдырын барлап, «Теке өлген» жайлауын тегістей өтіп, іңірге қалмай үйге жету қажет. Өйткені, қона жатып, мал іздейтін баяғыдай әр құдықтың басында бір шопан жоқ. Ол заман келмеске кеткен.

Сауырынан тер саулаған сайын жиреннің жүрісі өніп, әбден қызып алған. Тізгін тартпаса тоқтайтын түрі жоқ. Қайта «жібер» дегендей ауыздықпен алысып, тізгінді жұлқып-жұлқып, басын шайқайды да жорта береді. Бесұлтан шағылы бұл көктемде ерте көктейтіндіктен, жалпы төрт түлік атаулы еркеккөкке тойынып, тез көтеріледі.

 Қыста бұл быдыр малға кәдімгідей панасын. Мұны даланың иісі бұрқыраған малшы қауымы жақсы біледі. Ал жазға қарай жылқы атаулы өзінің сүйікті асы ебелек, изенді алқапқа түседі. Оның үстіне күзде шағыл қайта көктейді де жалбыркөк малға кәдімгідей азық.

 Ана жүрген 3-4 үйір жылқы осының көрінісі. Ит-құсың да осы жерден табылады. Қалың өскен шағыр, тіпті, кейбір шошақтар алыстан қарағанда іріқара сияқтанып, ат басын еріксіз бұрғызады. Бірақ, бос жүріс.

Онсызда діңкесі құрып келе жатқан адамның жүйкесін тоздырады. Кенет Базарғалидың көзіне бір нәрсе қараң еткендей болды. Дереу тізгін тартып, сол жаққа шаба жөнелді. Жетіп келсе, жын ба өзі ештеңе жоқ.

–Қарайғанды қалт жібермейтін қырағы көзім алдамаушы еді. Бұ қалай, – деп жылқышы жігіт аң-таң. 

Жирен қасқа да бір нәрсені сезгендей тынысын ішіне тарта мойынын тік көтеріп жан-жағына қарады. Таң атқалы нәр татпағандықтан қалың өскен еркеккөкті осып-осып алып, күтір-күтір шайнаған күйі жаңағы жаққа тағы елең етті. Айнала шағыл.

Базарғали аттың басын сол жаққа бұрып, жүре түскені сол еді жоғары-төмен ұшқан сауысқан көзге бір көрінді де ғайып болды. «Қасқыр бар жерде, сауысқан бар» деуші еді. Неде болса, осы маңда бір гәп бар. Бұрын қорқуды білмей, күн-түн жортатын дала қыранының  бойын кәдімгідей қобалжу биледі.

Кенет жылқының қинала кісінеген даусы естілгендей болды. Сезімтал ат та әлгі жаққа жалт бұрылды. Үміт пен күдік. Дүниенің астан-кестені шыққандай жылқышының құлағы шуылдап қоя берді.

Әлгі сауысқан жаудың хабаршысындай көрініп, жан-жағын бір пәле қоршап келе жатқандай. Осы мезетте шағырдың түбін паналаған қырдың қоңыр қояны зып етіп суырыла қашқанда аттан ауып түсіп қала жаздады.

–Апыр-ай, қоян қорқақ па, мен қорқақ па?! – деп өзді-өзіне ерегесе езуін жиып, жүре түсті. О, тоба! Өз көзіне өзі сенсеші. Іздеп жүрген бір үйір жылқы шағыл ішіндегі тастай сайда иіріліп тұр.

О заман да, бұ заман бұрын-соңды мұндайды көрмеген Базарғалидың тұла бойы дір етті. Иесін көрген торы айғыр үйірді айнала кісінеп, басын қайта-қайта шұлғып, тентек мінез көрсетіп, кейін бұрылды.

Мұны жақтырып та тұрмаған сияқты, қос құлағын найзадай тіктеп, осқырына айбар шегіп, тап бермекші қалып танытып тұр. «Көрмегенім екі аяқты пенде болсын» деген сыңай.

Бұл айғыр негізі қасқырға құлын бермейтін азулы, ашуланса көзі аларып, құлағын қысып, кісіге шабатын өжет болатын. Қазір дәл сондай күйде ашулы. Сондықтан Базарғали жылқының аман-түгелдігін көргесін, құр-құрлап, байырқап, сайдан айдап шыға бастап еді үйірдегі қара көк байтал жатқан орнынан қозғалмады. Жай жатыс емес.

«Әй, шу жануар» дегенге селт етпейді. Базарғали гәптің мәнін енді түсіне бастағандай. Аттан түсіп, жақындап келіп қарады. Байталдың алдыңғы аяғы жаралы. Біраз қан кеткен. Әңгіме түсінікті.

Күз түсе қарақшылар қоян аулауға шыққан болып, жылқы атып алуды әдетке айналдырғанын естуші еді. Яғни, үйірді осы иесіздеу жаққа дейін қуып келіп, арам ойларын жүзеге асырмақ болғанмен шағылға қашқан жылқының соңынан қууға көлік төтеп бере алмаса керек-ті.

Оған айғырдың қарсылығы және бар. Ал үйірін қорғауда алдына жан салмайтын торы айғыр оны тастап кетуге дәті бармай, амалсыз осы жерге иіріп-ақ ұстап тұр. Айнала жерді тұяқ кесіп, ақ құйқасы шыққан.

Жақын маңда қанның ізімен аңдып келіп жатқан түлкі, қарсақ, қасқырың торуылдап жүргені айтпаса да түсінікті. Былай шапқанмен айғыр жолатар емес. Енді Базарғалиға жедел үйірді тастап, үйге аттанудан басқа амал жоқ. Дереу үйге жетіп, інісі Болатпен жылқыны адалдап, көлікке салып алу қажет. Жылқышы дереу атқа қамшы басты.

Бұл кезде Болат та ауыл маңындағы малды түгендеп, құдыққа  келгенін суарады да қайтадан құдық басындағы биік төбеге шығып, айналаға көз тастайды. Ағасы келіп қалар ма екен дейді. Бірақ көзге ештеңе ілінбейді.

 Сәлден соң үй жақтан Анар жеңгесінің даусы шықты. «Көркем жігіт» деп еркелететін қайын інісін бестің шайына шақырып тұрғаны болар шамасы. Көңілдің хошы болмағасын шайға қайдан зәрулік болсын.

Дегенмен тауын қайтарғысы келмеді ме, Шыбық қасқаны жайдақ мінген күйі үйге қарай беттеді. Алайда сезімтал жануар арқа жаққа қарай қарайлай берді. Сол сәтте жаңағы жақтағы қара төбенің баурайынан құйғытып келе жатқан аттылы көрінді.

Болат лезде есін жинап, жалт қараған күйі тұрып қалды. Төрт аяғын қатар жазып шабатын жирен қасқаның шабысы. Сол тоқтамасымен көзді ашып-жұмғанша шоланның жанына жетіп келіп, атынан бір-ақ түсті. Болат та сол жерде.

– Дереу көлікке от алдыр, кеттік, – деді ағасы асығыс.

 Не деуге уақыт жоқ. Іңір таяп қалды. Жол талғамайтын «УАЗ» машинасы сүт пісірімде діттеген жерге жеткізді. Жаз айы болса бір сәрі. Қаншама қуатты көлігің болса да күннің ыстығы, топырақтың қызуы болдырып тастайтын. Күздің мезгілі болған соң әрі алдыңғы жауыннан топырақ тоңазыған екен, жүрдек техника қиналмай жетті.

 Әлгі жаралы байталды «УАЗ-дың» бортына екеулеп ыңғайлады да жылқыны ауылға қарай шөлкеп жіберді. Бұлар келгенде торы айғыр да үйірін бастап құдыққа қарай тартып бара жатты.

«Ақ адал малдың иманы пышақ». Ішкен-жеген бұйырған. Әп-сәтте екеулеп, ұқсатып алды.

–Мұны жария қылғаннан ештеңе ұтпаспыз. Бірақ, енді қылмыстың бұл түріне де сақ болуымыз қажет, – деді  Базарғали бұйырған малдың терісін шоланға орналастырып жатып.

Болатта үн жоқ. Бәріне өзі кінәлі жандай томсырайып, ағасының о жақ, бұ жағынан өтіп, айтқанын істеумен әуре. Базар-ғали енді таңертеңнен бергі серігі жирен қасқаны жетектеп атқораға барды. Ықтасынға бекітіп, суытып қайта оралды.

Бұл уақытта Анардың да қазаны бүлкілдеп, қызыл қуырдақ пен күрең шай дайын болды. Ағасының қабағына жалтаң-жалтаң қараған Болат:

- Әй, бәсе Торы айғыр жөнсіз кетпейді. Ол ақылды айғыр. Таңертең сіз атқа қонғанда жирен қасқа тезектеді ғой, аға, байқамадыңыз ба. Мен сонда «Ай, жолы болады-ау» деп іштей сезіп едім, –  деп таң атқалы бері жүріске салып қойған ағасының көңілін отбасылық жарасты әңгімеге шақырғандай кейіп танытты.

Әңгіме айтқысы келеді. Тіпті ғұмыр бойы тете келе жатқандықтан «Аға» деген сөзді алғаш айтып қалғанын өзі де сезбей қалды-ау деймін. Жақсы көреді. Сыйлайды. Бірақ бүгінгі әсер аға мен іні мәңгілік мызғымас орнын айқындап бергендей. Оның көзін сағыныш жасы басып, өксік алқымнан қысқанда:

 –Мен шылым шегіп келейінші? – деп орнынан түрегеліп, сыртқа шығып кетті. Мұның бәрін Базарғали білмей отырған жоқ, бірақ артық ауыз сөз шығармады.

Ас-сусыз алагөбеңнен бергі шабыс, біраз шаршатып тастағандай денесі болбырап, өзіне-өзі келе алмай әрі-сәрі болып отыр. Әйтеуір, ақ адал малдарын «Ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп», кісі есебінен күн көруге әуестенген екі аяқты айуандарға жем қылмай өз отбасына бұйырғанына көңілі тоқ.

Бар өмірін осы малға арнаған әке марқұмның адал еңбегін жалғап, «әй кәпір» атанып, күлкі қылғанның бетін аулақ қылсын. Тіпті «Нәсерден қалған бар малды бақпай балалары ұрыларға жем қылыпты» десе не демек. Осының бәрін ойға салып, салмақтап отырған жылқышы жұбайы Анардың қаймақ салған қою шай құйылған ыдысқа баяу қолын соза берді.

 Ал Болат болса, сенектегі ағасының үзеңгіге әбден сіресіп қалған былғары етігін қойдың құйрық майымен құшарлана ысқылап отыр. Бұл негізі жеңгесінің жұмысы еді. Бірақ, бұл жолы ағасын жеңгесінен де қызғанғандай былғары етікті әлсін-әлі аударыстыра қарап, бипаздап, сапқа тұратын жауынгердің аяқ киіміндей әспеттейді бір.

... Ертесіне Болат ауылға шықты. Бұл жолы көңіл басқа. Музыка қосып, ән-күйге бөленіп келеді.

«Менің ағам бар, айбарым бар екен ғой» деді тұлабойын мақтаныш керней. Жан-жағында жарыса қалып бара жатқан қу тірлікке қарап, «әй, тәкаппар дүние, маған не істейсің» дегендей, ағаға арқа сүйеу де жоқ емес.

Сіз аға қадірін білесіз бе?

Жанай АМАНТУРЛИН,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521