Жарқын елдің болашағы жастар

Бүгін Астана қаласындағы «Нұр әлем» павильонында «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтіп, оны аудандық көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінің бір топ студенттері тікелей эфир арқылы тамашалады.

Елбасы алдында сөз алған жастардың бірі Астанаға алма өсіруді қолға алатынын айтса, енді бірі IT саласындағы жаңа жобалармен таныстырып жатты. Ал, моңғолиялық қандасымыз, бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы құсбегілік өнердің қыр-сырымен бөлісіп, еліміздің әр өңірінен бүркітшілер мектебін ашуды ұсынғаны қатты әсер етті.

Болашаққа батыл қадам жасай білуге шақырып, жігерді жаныған Елбасының жастармен кездесуінің тікелей трансляциясын колледж студенттеріне тамашалатудың өзіндік себебі де бар. Елбасының кәсіби білімнің маңыздылығына айрықша тоқталғаны осы сөзімізге дәлел.

«Жастарға алғашқы мамандық беру өте маңызды. Қазақстанда жұмыс көп, бірақ мамандықтар тапшы. Ешқандай мамандығың болмаса да, жұмысқа тұруға келесің. Мысалы, құрылыс жүріп жатыр делік. Ол жерде саған қандай жұмыс береді? Қолыңа сыпырғы ұстатады. «Сыпыр, кірпішті әкел, апар» дейді де, болмашы айлық береді. Сол себепті алғашқы кәсіпті берудің маңызды мәселе екенін айттым. Жас адамды тегін оқытып, мамандық береміз дейміз. Сосын ол әрі қарай жұмысқа барады, не университетке түсе алады», - деген Елбасы болашақ мамандық иелерінің санасына үміт сәулесін сепкендей емес пе.

- Жастар жылының жариялануы – еліміздің жас ұрпақты қамқорлай алатынының айқын белгісі. Осы орайда барша аудан жастарын «Жастар жылының» ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі салтанатты кешке қатысып, тікелей эфир арқылы, Елбасы мен белсенді жастардың жобаларын да естіп қуанып қалдым. Мен де өз кезегінде ауданның дамуына, жастар саясатына өз үлесімді қосамын,-дейді тамақтандыруды ұйымдастыру мамандығының студенті Айзада Рахимова. Ал, болашақ электромонтер Сұлтанбек Рахметов елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты екендігін айтты.

Айтқандайын, «Жастар жылының» аясында арнайы логотип те әзірленді. Онда қаз-қатар қанат сермеген тырналар бейнеленген. Демек, ол біздегі жастар жұдырықтай жұмылып, «бір жағадан бас, бір жеңінен қол шығарсын» дегенді білдірсе керек. Тырна мәңгі жастықтың, сенімділік пен бақыттың белгісі. Сондай-ақ логотивтегі түрлі түстерде өз кезегінде шығармашыл әлеумет пен достық қарым-қатынас, рухани тазалық пен кемелдікті білдіреді.

Диас АЙБАР.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521