Вы здесь: HomeАудан тынысыЫнтымақты елге ырыс ұялайды

Ынтымақты елге ырыс ұялайды

Бейбітшілікті ба­қыт санайтын қазақ елі бірлік кү­нін әр жыл сайын жоғары дәрежеде, кең көлемде тойлап келеді.

Міне, осындай әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін оятатын, аза­маттық борыш пен жалпыұлттық ке­лісімінің мамыражай мерекесін аудан жұртшылығы жаңа мәдениет үйінің алдында сән-салтанатымен атап өтті. Мерекеге сай безендірілген, көңілді әуендер естілген алаңға аудан тұрғындары ертемен жиналып, бір-бірін мерекемен құттықтап жатты. Думанды шара композициялық би қойылымымен басталып, «Көктем» әнінің ырғағымен қолдарында қызыл-ала гүлдері бар қыздар шара шымылдығын ашты. Ал шағын баннерлерге «Біздің Отан», «Қазақстан» атты ұран сөздер жазып шыққан оқушылар көрінісінен тілегі бір бауырлардың бір шаңырақ аясында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқандығын аңғаруға болады.

Сахна төріне аудан әкімі Серік Арыстан көтеріліп, мерекеге жиналған жұртшылықты бауырмалдықты, достықты, туысқандықты паш ететін бірлік күнімен құттықтап, ау­данымыздың әрбір отбасына бақыт пен береке, қуаныш пен шексіз шаттықтар тіледі. Сондай-ақ Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық XXVI сессиясының маңыздылығына тоқталды.


–Елбасымыз қазақ елінің көп ұлтты болуы «Ол – біздің байлығымыз» деп ұлттардың арасындағы бірлікке, достыққа, татулыққа аса мән берді. Өзінің Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауларында, мақалаларында осыны насихаттап келеді. Біздің ауданымызда оннан аса ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Егер де аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктер болса, ол сөз жоқ аудан халқының бірлігінің, татулығының арқасында деп түсінеміз,-деп қорытындылады құттықтау сөзін. Мерекені аудандық өнер мектебінің балалар хор ұжымы жалғап Н.Тілендиевтің «Көгершіндер» әнін орындаса, кішкене қыздар құстың бейнесін сомдай шаттық шеңберінде билеп, шарларын көк аспанға қалықтатты. Одан әрімен аудандағы мектеп, балабақша, мекеме ұжымдары түрлі ұлттардың киімдерімен ортаға шығып әр тілдегі құттықтау тілектерін арнап, ән қалықтап, би шалқыды.

Алдымен орталық аурухана ұжымы орыс халқының биін тарту етсе, М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин атындағы орта мектеп ұжымы украин, грузин, татар халықтарының ұлттық билерін билеп, мереке кешіне сән берді. Ал Қазақстанмен тығыз саяси-экономикалық, мәдени байланыс орнатқан түрік тілдес қырғыз халқының биін «Айналайын» балабақша ұжымы алып шықты. Әуелі музыка пәнінің мұғалімі Бейбіт Өтепов аудан тұрғындарын қырғызша құттықтап, «Өзгучум» әнін орындаса, әжелер көпшілікке ұлттық дәмдерін ұсынды.


–Ал «Райхан» балабақшасы ұжымы корей халқының, көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің студенттері түрік биін көпшілікке сыйлады, ал студент Ануар Маратов «bu aksham olurum beni kimse tutamaz, sen bile tutamazsyn yildizlar tutamaz bir ucurum gibi dusherim gozlerinden gozlerin beni tutamaz» деп «Тутамас» әнін шырқады.

Ал аудандық өнер мектебінің ұжымы Қазақстан халқы үшін ең жақын туысқандардың бірі болып келетін өзбек ұлтының «Таманози» әнімен өзбек биі шығарса, оқушылар шығармашылық орталығы Орталық Азиядағы көне түркі халықтарының бірі болып саналатын ұйғыр халқының биін театрландырылған көрініс арқылы көрсетті. Соңғы болып «Көктем» қазақ орта мектебінің ұжымы қазақы ою-өрнектері кестеленген киімдермен шығып, қазақ билерінен папури билесе, көк түсті көйлектегі оқушылар болашағымызға бағдар етіп, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясын шығарды. Осылайша кезек-кезегімен ортаға шыққан ұжымдардың әрбір ұлтты театрландырылған көрінісі арқылы көрсеткен кезде тыңғылықты да тиянақты дайындықтың ізі жатқанын бірден байқауға болады.


Сонымен қатар мерекелік кеште Жайықтың бойын әнмен әрлеп, күймен көмкерген аудан өнерпаздары Мұратбек Жұмашев «Тәуелсіз Қазақстан», Рза Нұрмағамбетова мен Айгерім Нығметова «Туған жер», Дария Исахмет «Сәлем, саған, туған ел», Айгерім Нығметова «Шақырады көктем», Айдос Жанғалиев пен Бағдат Әбенов «Жерім менің» әндерімен мерекенің берекесін келтірді. Ал «Шалқыма» мен «Сымбат» би тобы да «Смайликтер», «Молдаван» билерін әсем орындап берді.

 

Диас АЙБАРОВ.

Суреттерді түсірген автор.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru