Шет елдерде оқитын қазақ ұл-қыздарына үшбу хат

Заманымыздың заңғар ақыны Қадыр Мырза-Әлі «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деп жырлаған екен.

«Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі» дейді және халқымыз. Қызылшақа сәбиді әжелеріміздің сылап-сипап бойын, бесік жырымен ойын өсіріп, азамат, азаматша болып жетілгенше тәрбиелеуі жаратылыстан бойларына сіңген ұлтымыздың аналық махаббаты. Бойымен қатар ойы өседі деуіміз, оларға жасынан бүлдіршін балғын шақтан, ұлттық ділді, ана тілді және салт-дәстүрді бойына ана сүтімен, қазақи қанымен сіңірген ғой.

Әр ұлттың ерекшелігі-бет-бейнесі, жүрісі, түр-түсі туған жеріне, кәсібіне қарай ақшыл, сары, қоңыр және қара түсті болып, жүздері де, шаштары да, көздері де, тілдері де өзіндік табиғи үйлесімде болады. Заманның ыңғайына қарай оқу-білімнің ордалары Батыста ерекше дамыған. Ертеде Шығыста ілім-ғылым жақсырақ дамып, әлемге танымал жеті ғалым, ақын-Әл Бируни, Әбу Ибн Сина, Әбілхасым Фирдоуси, Жүсіп Баласұғын, Омар Хайям, тағы басқалары болғанын немістің ұлы ақыны Гете кезінде жоғары бағалап, жырларына арқау еткен-ді.

Дәуір мен заман зымырап алға жылжыған сайын байлыққа, дүниеге қызыққан соғысқұмар патшалар мен хандар жойқын шабуыл жасап, шығыс өркениетін тып-типыл еткенін бүгінгі жастардың аз ғана бөлігі білсе де, көпшілігі білмейтін де болар. Сөйтіп, шығыстағы өркениет біраз мезгіл тоқырады. Сол бір шақта Еуропада білім мен ғылым, мәдениет дамып, озық ойлы адамдар дүниеге келді.

Түркіден тараған қазақтар, олар мекендеген Алтай, Сарыарқа, Еділ мен Жайық, Орал өңірі, Жетісу, өңірі орта ғасырлар түркі шапқыншылықтарды бастан өткерді. Одан соң үш жүз жылдай патшалық Ресейдің тепкісінде болып, тіршілік, күнкөріс қамымен жүргенде өнері мен мәдениеті еріксіз шектелді. Тіпті халықтық, ұлттық мерекелер ескерілмейтін мүшкіл халге, жағдайға жеттік. Аштық жайлап, халықтың басым бөлігі қырылды.

Бастауында бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мерекесін де 1926 жылдан бастап тойлауға Кеңес өкіметі тыйым салды. Сонымен қатар тұрмыста, жұмыста киюге ыңғайлы ұлттық киімдерді тауып, тігіп киюге жұмыс, тіршілік тауқыметі мүмкіндік бермеді.

Оқу-білімге жол ашылғанымен, ұлттық қазақ діліміз, тіліміздің, санамыздың, салт-дәстүріміздің шарықтауына кедергілер көптеп кездесті. Республика бойынша 700-дей қазақ мектебі жабылып, жарты миллионға жуық халқы бар сол кездегі Алматыда тек қана жалғыз ұлттық мектеп қалуы-қазақ тілінің дамуына деген балта шапқанмен бірдей еді.

Қазақтың өз ұрпағы ана тілінде оқымаса, ана тілін білмей өссе, одан зор қасірет болар ма?! Ақын, бірнеше Халықаралық жүлденің иегері Мұхтар Шаханов осы кезге дейін әлемде алты мыңдай ұлт пен ұлыстар тілдерінің жойылғанын әлденеше рет жария етіп, жанашыр болуда.

Тіл жойылса, тұтас мемлекет жойылады. Сол мемлекеттер соғыс болмай неге жойылып кетті? Оның халқы өзінің ана тілінде сөйлемей, басқа ұлттың тілінде сөйлегендіктен «автоматты» түрде жойылды. Егер қазақтар жұмыста да, тұрмыста да ана тілінде сөйлемесе, жоғарыда аталған елдердің кебін киеді. Тіпті өткен жылы «Атырау» газетінде қазақтың орта білімді бір азаматының «қазақ сөздері түсініксіз мен орысша сөйлеймін, орысша оқимын» дегені бар. Оны азамат деп айтуға ауызым бармайды. Оның әке-шешесі қазақ бола тұра, ана сүтімен даритын қазақ тілін неге сөйлемеген, неге үйретпеген деген көңілге реніш келеді. Тіл білімінің ғалымдары ұзақ зерттеулерге сүйене отырып, ана тілін жетік білу үшін өзге ұлт тілін бастауыш сыныпты бітіргеннен кейін, тіпті 12 жастан үйреткен, оқытқан дұрыс деп ғылыми ұсыныстарын айтады. Өкінішке орай Тәуелсіздік алғанымызға 27 жылдан асса да «русская революционность» дағдысы бойымыздан әрі арылмай келеді.

Жақында мерзімді баспасөзде ме, әлде теледидарда ма «Қазақстанда бір топ қазақтардың қос азаматтығы бар» дегенді естідім. Сонда қалай? Оларда екі жүрек, екі ата-ана, екі Отан бар ма?!Бұған Қазақстанның Ата Заңы Конституциясы жол бермеуі тиіс. Алланың кітабы Құранда, оның түсіндірмелерінде екі ұлт (екі діндегі) ер мен әйел бір-бірімен бірігіп отау құрса, біреуі екіншісінің (көбіне әйел адам) дініне ресми түрде ауысуы керек делінген. Неке батасы бір діннің шариғаты бойынша беріледі емес пе?

Бірді айтып, бірге кеткеніме ғафу етіңіздер, біздің қазақтың ұл-қыздары шет елдерде білім алуда. Әрине, ғылым мен білімнің негіздерін тереңдей білу өте қажет те құптарлық бұл. Сонда оқып жатқан ұл-қыздарымыз қалай киініп жүр. Үнемі болмаса да мерекелік күндерде қазақи ұлттық киімдерді кие ме? Шынымен кимесе оларды шет елдіктер қалайша қазақтың ұл-қыздары деп таниды. Олар шет елдер күнкөріс үшін жүрген жоқ қой. Оқу бітірген соң туған елім Қазақстанға қызмет етемін деген ұғым Отанға деген сүйіспеншілігі бойларында бар ма?!

Отанға деген сүйіспеншілігі мен патриотизмін байлыққа, жөнсіз у-ду думанды қызыққа айырбастаған, елге келмейтін жастардан не күтуге болады?! Солардан не үміт, не қайыр?! Соғыстың ауыр шайқастарында өлім мен өмір арпалысқан майданда Отанын сатпаған аға буынның ұрпағы бүгінде жоғары жалақыға, жақсы тұрмысқа қызығып ел мен жер, Отанын, дүниеге әкеліп күтіп-баптаған ана-анасын айырбастауы нағыз сатқындық емес пе?!

Осыны дұрыс ұғынатын, айыра білетін жастарда ақыл-ой, патриотизм болар деген ой және сеніммен шағын мақаламды аяқтаймын. Қазақ ұлты ділі мен ана тіліне берік, болашақ аналар-қазақ қыздарының мәңгілік жасайтынын ұмытпайық! Ұлтын сақтау-ұрпақ парызы.

Кеңес САХИ,

ауданның Құрметті азаматы, журналист.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521