Саумалдың өзі – табыстың көзі

Бүгінде биебауға бие байлап, денсаулыққа мыңда бір ем саумалдың өзін табыстың көзіне айналдырылған шаруақорлар шығып, халықтың ықыласына бөленіп жүр.

Солардың бірі ретінде Айтқали Жәлиев бақаратын «Алтын-Ата» шаруа қожалығының өнікті еңбегін айтуға болады. Бүгінде жергілікті халық биебайлар уақытта барып, саумал ішіп, ұлттық сусын қымыздың қадірін бәрінен жоғары қойып жүр.

Ал сонау «Қарсақбайдан» Индербордың тұсына бір үйір жылқыны жерсіндіріп, асау биелерді ноқтаға үйретіп, халықтың қажетін өтеудегі шаруашылықтың еңбегі ұшан теңіз екені сөзсіз.

"Мал баққандікі, табыс тапқандікі" демекші, Жәлиевтер әулеті ертеден төрт түліктің қадірін ұғып, осымен күнелткен жандар. Әулеттің діңгегі Қарақойшы қарт ұзақ жылдар Амангелді кеңшарының «Шағыр-шегір» жайлауында малшы болып, даланың темірқазығына айналған адам. 

-­Қарттар ертеде малмен күнелткен. Егін ештеңені білмейді. Қаңбақтыдан көшіп келген. Арғы атамыз Спан сынықшы болған. Қазір жұрт басына түнейді. Аруағы жылан болып көрінеді деуші еді. Одан Жәли туады. Анам Қапира 1947 жылы қайтты. Өзім 1931 жылы Толыбайда 4 қыз, 3 ұлдың бірі болып дүниеге келдім. Сол жерде 2 класстық білім алдым. Жәли әкеміз 1944 жылы жұмысшы батальонынан келгесін Степан Разинде әртүрлі жұмысқа араластық та, Қаңбақтыға мал бағып кеттік. Сөйтіп, оңала бастадық қой. Қазір, құдайға шүкір, балаларым сол атакәсіпті жалғап, заман талабына сай еңбектеніп келе жатыр,-деп отыратын бір әңгіме барысында.

Бүгінде Бірлік апай екеуі Елтайда ұрпақ қызығына бөленуде. Бүгінде ұлдары Айтқали, Сұлтан, Нұрғали, Ерғалилар отбасымен өз алдарына шаруа қожалығын құрып, дала төсінен көрінсе, Сейтқали, Арыстанғали, Ержандары да егемен еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып жүр. 

Міне, ұлдың үлкені Айтқали бүгінде индерліктер үшін үлкен еңбек сіңіріп, Атырау-Орал тас жолының Индерборға кіре беріс тұсынан шағын қоражай жасап, бие сауып отыр.

- Өткен жылы биебайлар дәстүрін жасап, ісімізді бастағанбыз, қазір қалыпты жасап жатырмыз,-десе, жұбайы Роза апай: - Үш мезгіл сауып отырмыз. Алдымен сауын сауамыз, сосын идіріп және тартамыз. Қымыздың пайдасы көп болғандықтан жергілікті тұрғындардан сұраныс өте көп. Саумалдың әр литрін 800 теңгеден сатамыз,-дейді. Ал қымызды ашыту, баптаудың да өзіндік сыры, оның бірнеше түрі бар екені де сөзсіз.

Сондай-ақ келін-баласы Нұрлан мен Айнаш та қырда бөлек бие байлап, табысты еселеп, тапсырысты өтейді. Жастардың осындай құлшынысына қалай қуанбассың.

Жалпы қожалықтың жағдайы жақсы, пішенді сатып алады. Дегенмен, шаруаны одан әрі жетілдіру қожалық басшысының басты жоспары екені де сөзсіз. 

 

Ж.Амантурлин.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521