Рәміздер-мақтанышымыз

Кез келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді.

Алайда біздің елімізде бұл мереке 1992 жылы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы Заң қабылдағалы бері аталып келеді. Осы күні біздің ауданымызда да «Ел рәміздері – Тәуелсіздік айғағы» атты мерекелік шара ұйымдастырылып, оған аудан әкімі мен орынбасарлары, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қатысты. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы ұлықталып, Мемлекеттік Гимні шырқалған мерекелік алаңда облыстық, республикалық әскери байқаулар мен слеттердің жеңімпазы аудандық көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжінің «Дельфин» патриоттық тобының сарбаздары әскери қойылым көрсетті. Оған көрермендердің шексіз қошеметі ерекше болды. Одан әрімен аудан әкімі Серік Арыстан мінберге көтеріліп, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

–Құрметті аудан тұрғындары. Сіздерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Егемендік пен тәуелсіздіктің, халықтың бірлігі мен мемлекеттік биліктің бөлінбес атрибутына айналған рәміздеріміздің мерекесі құтты болсын. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын,-деді аудан басшысы.

Мереке аясында Мемлекеттік Рәміздерімізді жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау мақсатында велошеру ұйымдастырылып, оған 70-ке жуық жастар қатысып, үш топқа бөлініп жарыс алаңына шықты. Айталық, Сәтбаев көшесінен бастау алған велошеру Тайсойған, Майдыров көшелерімен жүріп өтіп, орталық алаңда мәреге жетті. Жеңіске жеткен Нұрдәулет Қабдығалиев, Диар Иманғали, Алтынбек Тасқалиев, Баян Саметова, Наля Арманова, Асылбек Бижанов, Манарбек Қуанышбеков, Жұбандық Бағыт, Нұргүл Қабдешева, Гүлназ Кенжебаева, Айнагүл Сатқанқұлова, Айкөркем Үмітқалиеваларды аудан әкімінің орынбасары Дарын Дүйсенбайұлы Алғыс хатпен марапаттады.

Аудан өнерпаздарының мерекелік концертін И.Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» әнімен ашқан Нұрсұлтан Бұқаров мереке шырайын жақса, кейін Рафаэль Божекенов «Айналдым», Айдар Досымов «Мен қазақпын», Айгерім Нығметова «Туған жер»,  Ерболат Каримов «Отанға ода», Алтынбек Тұрашев «Жаса Қазақстан», Мұратбек Жұмашев «Отан», Руслан Юдин «Атамекен», көктоғайлық трио «Қазақстан бақыты» әндерін әсем орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, Раушан Иманбаева «Балбырауын», Азамат Жеңісов «Терісқақпай» күйін күмбірлетті. Ал «Інжу-Маржан» би ансамблі қазақ биін мың бұрала билесе, «Шашу» би ансамблі «Авар» биімен алаңды ажарлатып жіберді, «Әсем-ай» би ансамблі өрнек биімен өнерлерін көрсетті.                

 

Диас АЙБАРОВ.

Суреттерді түсірген автор.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521