Он жеті жыл әкім болған

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Елбасы Жарлығымен кеңестік басқару тармақтары жо-йылып, орнына әкім болып келгендердің алды бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалыста жүр.

Осы алдыңғылардың бірі, 1996 жылы Өрлік ауылының әкімі болған және осы қызметті 17 жыл бойына мінсіз атқарып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған Шманов Тілекқали Тастанұлымен Тәуелсіздік күні қарсаңында сөйлесіп, ой бөліскен едік.

- Тілекқали Тастанұлы, Тәуелсіздік күні құтты болсын! Әкім болып ел арасында жүргенде ең есте қалған оқиғаларды айта аласыз ба?

- Рахмет, еске алып көрейін. Алдымен ортақ мерекеміз құтты болсын. Мен Өрлік ауылы әкімі қызметіне ауыл ғана емес, бүкіл еліміз үшін күрделі болған 1996 жылдың басынан тағайындалдым. Маған дейін біздің ауылда екі айдай ауылдасым Қанатқали Масалимов уақытша әкім міндетін атқарушы болса, Ленин орденді «Передовик» кеңшарының 17 жыл директоры болған Райхан Құспанов екі жыл еңбек етті. Бұл кезде бүкіл Қазақстандағыдай жаппай жекешелендіру жұмыстары жүріп жатты ғой. Алдында ғана 60 жылдығын атап өткен іргелі кеңшардың ізі де қалмай таратылып, орнына бірнеше серіктестіктер, қожалықтар құрылды. Ал ауылдағы тұрмыстық қамту орындары да бірінен соң бірі сатылып, жұмыстары тоқтап қалды. Соның бірі 140 орындық балабақша жабылып, өзге ауылдарда мүлдем жоқ қос қабатты емхананың да екінші қатары сатылуға ұшырады. Сол секілді мәдениет үйі де иесіздікке ұшырап, есік-терезесін сақтау үшін тақтай қағылған қиын кезең еді, несін айтасың!?

- Бұл жұмыстардың барлығы да ауылдағы жалғыз билік орны – әкімге міндеттелді ме?

-Дәл осылай болды деуге келмес. Ауыл әкімі бұл орындардың барлығын жекешелендірумен айналысты десек қате болар, ол мезгілде аудан мен облыста арнайы жекешелендіру жұмысымен айналысатын комитеттер құрылып, пәрменді жұмыстар жүргізіліп, қатаң талаптар қойылды. Ал ауылдағы бар-жоғы екі-үш адамнан тұратын, олардың да бірқатары жарты, оның ширегіндей штатпен ақы алып істеген мамандардан ауылдағы барлық жұмыстың ұйымдастырылуы, ақпараты, есептері жиі сұралатыны рас. Қазіргі компьютер, ұялы телефон, көшірме жасау түгілі астында қызмет көліктері де болмады десем қазіргілер сенбес, бірақ бұл – шындық. Дегенмен біздің әкімшілік қызметкерлері ауылдағы тұрмысқа қажетті барлық орындарды шама келгенше жұмыс істетуге, сатылып, бұзылып, жойылуына жол бермеуге күш салдық. Сол еңбегіміздің нәтижесіндей балабақша 2004-2005 жылдары күрделі жөндеуден өтіп, екі тобы 2006 жылы есігін тәрбиеленушілеріне қайта ашты.Бұған кейін Астанаға жоғарылап кеткен облыс әкімінің орынбасары Нокиннің көп көмегі тиді. Сол сияқты емхананың да екінші қатары қайта сатып алынып, жөнделіп, емделушілерге қызмет көрсете бастады. Міне, осылайша мәдениет үйі де округ әкімі теңгеріміне алынып, кейін күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде халықтың игілігіне жаратылуда. Дегенмен осының бәрі тек айтуға ғана жеңіл сияқты.

Әңгімелескен С.ХАЛЫҚОВ.

Өрлік ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521