Қойдың етін жеп, тышқанның терісін жамылып жүрміз

Отандық өнімді тұтыну, атакәсібімізді жандандырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу Елбасының рухани жаңғыру мақаласында айрықша айтылғанмен оған қаншалықты мән беріп жүрміз? Барды ұқсатудың жолында неге қарекетсізбіз? Мысалы, бір ғана қара қойдың қасиетінің өзі заман талабына қарай дамыта білсең бізді көштен қалдырады деп ойлайсыз ба?

«Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген шопан ата тұқымы негізінен адам еңбегін ақтайды. Жесең ас, кисең киім.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша өңірде 93 мыңнан астам қой бар. Өкінішке орай мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке жол ашылып, түрлі бағдарламалар арқылы жеңілдіктер ұсынылғанмен әлі тәуекелге бара алмай отырмыз. Садақаның асын санап, ысырап деп жүрміз. Ал нағыз кәдеге жаратар жүн, тері сынды дүниелерімізді қоқысқа тастап, қойдың етін жеп, тышқанның терісін жамылғанды дәреже тұтамыз. Әр нәрсенің обалы боларын білсек - бұл да ойланатын жағдай.

Біздің халқымызда ана қой етіне жерік болса, кейін туған баласы қойдай қоңыр мінезді, қозыдай момақан, жуас болады, жібек сөзді, қой көзді, жұқа жүзді, маржан тісті, шебер істі, мөлдір сезімді, иманнан ұят, ақылынан қуат төгіліп тұратын, жүрегі нұрлы адам болады деп ырымдайды. Өйткені, қой Меккеде жаралған деседі. Сондай-ақ түйені сеспей қатыратын кәдімгі қарақұртты қойдың қуып жүріп жейтінін қайтесің. Ал осы қарақұрт шақса қара қойдың сорпасын ішкізіп, терісін жапса, зәрі қайтады екен. Жалпы қой жүнінен жасалған текемет қыста жылы, жазда салқын әрі ауырған адамның ауруын алатынын қазір ұмыта бастағандаймыз. Қой асығының өзінде де қанша мән бар. Тіпті, қырық бір құмалағын шашып жіберіп, төрткүл дүниені болжап отыратынды, қой ауруына шалдыққан сәбиді қойдың құмалағына шомылдыру сынды өзге де оның қасиеттері қаншама? Осының бәрі ата-бабаларымыз қолданған ұлттық құндылықтарымыз болғанмен уақыт санамыздан өшіріп бара жатыр.

Ж.АМАНТУРЛИН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521