Қоқыстың ортасында қобырап отырмыз

Индербор кентінің шешімі қордаланып, мазаны алатын мәселесінің бірі - тазалық жайы.

Әсіресе, соңғы мезгілде қоқыстар уақытында алынбай, тұрғындардың орынды ренішін туғызуда. Осы орайда аудандық қоғамдық кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде бұл өткір сөз болды. Кеңес төрағасы Асқар Үмітқалиев жүргізіп отырған аталмыш жиынға аудан әкімі мен орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, мәслихат депутаттары қатынасты.

Қоқыстар уақтылы алынбайды

- Қоғамдық кеңеске хабарласқан тұрғындар қоқыс жәшіктерінің мезгілінде алынбайтындығын, трактор жүргізушілері табыс табу мақсатында қызметінен тыс жұмыстармен айналысып жүретіндігін айтып шағымдануда. Шынымен де көптеген көшелерде қоқыстар контейнерлерге сыймай сыртында шашылып жатыр. Қоқыс жәшіктері мал мен бұралқы иттер жиналатын орынға айналды. Одан жұқпалы аурулардың пайда болуы және таралу қаупі әбден мүмкін. Әрі қоқыс тасушы тракторлардың үсті ашық, қоқыстар жолда түсіп, полигонға барғанша шашылумен болады, -деп бастады баяндамасын қоғамдық кеңестің мүшесі, «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымы төрағасының орынбасары Өтепберген Оразғалиев.

Сонымен қатар баяндамашы айтып өткендей, кенттің «Болашақ», «Шығыс» шағын аудандарының тұрғындарымен келісімшарт жасалмағандықтан «Индер-Тэк» ЖШС оларға қызмет көрсетпейді. Осының салдарынан аталмыш ауданның тұрғындары табиғи ойпаңдар мен шұңқырларды заңсыз қоқыс алаңдарына айналдыруда. Жағадағы жыралардың іші де қоқысқа толы. Аудан орталығының қоқыс төгетін алаңының да жағдайы санитарлық талапқа сәйкес келмейді.

Сенбіліктер сеп болғанмен...

Әрине, күзгі тазалықтың екі айлығы басталғалы апта сайын сенбілікте барлығы 25 техника жұмылдырылып, жинақталған 298 тонна қоқыс алаңшаларға төгіліп, қоқыс алаңдарының жинақталған 3 242 ш.м бөлігі ретке келтірілген. Кенттегі бұралқы иттерді жою мақсатында ветеринариялық стансамен 26 бұралқы иттің көзі жойылды. Тазалық айлығындағы осы және басқа да атқарылған жұмыстарға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Абзал Рамазановтың баяндамасында тоқталып өтті.

Жалпы көктемгі және күзгі тазалық айлықтарында сенбілікшілердің күшімен кент іші біраз тазарып қалғанымен қайтадан шашылып шыға келетін қоқыстардың нөпірімен қалай күресеміз? Ал кент тазалығымен бір емес, екі мекеме айналысып отыр. Оның бірі - «АқЖайық-ТА» ЖШС бұл іске жақында кіріссе, «ИндерТэк» ЖШС соңғы бірнеше жылдан бері осы жұмысты атқарып келеді. Қоқыс төгуге рұхсат беретін эмиссия да, лицензия да осы соңғы аталған серіктестік құзырында.

–Тұрғындардан ай сайын қоқыстың төлемақысын «ИндерТэк» ЖШС-і алып отыр. Бірақ жұмысын дұрыс атқармай отырғандықтан осындай келеңсіз жағдайға жеткізген. Ал тұрғындар мұндай мардымсыз іске ренішті, - деді кент әкімі Р.Тұрабаев. Айтқандай жиын барысында да тұрғын Самиғолла Ғалым аталмыш серіктестікпен келісімшарты бола тұра, төлемақысын төлей тұрғанымен қоқысты уақытында алмайтындығына ренішін білдірді.

Бұл өзекті сауалдарға «ИндерТэк» ЖШС басшысы Марат Байдешовтің де айтар өз уәжі бар. -Қоқысты төгетін жеріміз нақты белгіленбеген. Полигон аталған жерге біздің мекеме ғана емес, көлігі бардың бәрі жайратып төге береді, ал айыппұлды мен арқалаймын. Қоқыс таситын техникаларымыз да тозды, жүк тиегіш техникамыздың да келісімшарты аяқталып отыр. Яғни жұмысты толық атқаруға мүмкіншілігіміз болмауда, -деді ол.

Қоғамдық кеңесті А.Үмітқалиев қорытындылап, салаға жауапты басшылардың ұсыныстарын басшылыққа ала отырып, тиімді ұйымдастыру және бұл іске құқық қорғау органдары да араласып, тазалыққа немқұрайлы қарағандарға тиісті әкімшілік шараларын қолданып отыру қажет екендігін атап көрсетті.

Материалдың толық нұсқасын "Дендер" газетінің 18.10.18 ж. №42 (8193) санынан оқи аласыздар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521