Индерде көкөністен көз тұнады

Жайықты жағалай қонған ауданымызда соңғы жылдары егіншілердің  қатары да, егіннің көлемі де көбейіп келеді.

Соның дәлеліндей, бүгінде базар сөрелерінде, жәрмеңкелерде бақша өнімдерінен көз сүрінеді. Осынау ала жаздай қажырлы еңбегінің өнімін жинау науқанына кіріскен диқаншылардың тынысымен аудандық ауыл шаруашылығы мамандарымен біз де танысып қайтқанбыз.

Көктоғай округі дала диқаншылардың дүбіріне толы. Соның бірі Амантай Қабдоловтың «Шаңырақты» шаруа қожалығының өнімдері биыл бітік шығыпты. Қырыққабат, кәді (баклажан) сынды өнімдері теп-тегіс болып тізбектеліп жатыр. Сәбіз, қауын, қарбыздың да түрі кездеседі. Өнімдерін пленкамен қаптап өсірген, ал пленка-ылғалды сақтайды әрі суға үнем.

- Бірер жылдан бері тамшылатып суаруға көшіп, оның игілігін көріп жатырмыз. Ол алдымен суға үнем әрі жұмыс күшін де көп қажет етпейді. Қажет кезінде бұрандасын бұрап қойып басқа шаруамызды істей береміз. Бұрынғыдай  күрек-сайманмен бал соғып көп әбігерге түсіп жүрмейсің.

Бізде диқаншы дегенде алдымен кәрістерді үлгі тұтып жатады. Қазір олардан жергілікті қазақтар да қалып жатқан жоқ. Бұрын олардың қарбыздары ерте шықса, біз де қарбыздың ерте пісетін сорттарын шығаруды үйреніп алдық. Диқандық тәжірибемізді дамытып келеміз. «Қазақ егінге жоқ,  жалқау» деген сөзге келіспеймін. Қайта «жалқау қазақ емес» дер едім, -дейді Амантай диқан ақжарқын көңілмен.

Бұл шаруашылықтың егіс басында күркелері жерді бірер метрдей қазып, төбесіне қамыс салып, оны саз топырақпен жауыпты. Ішкі қабырғаларын жылқының қиымен майлаған. Күркенің іші түс мезгілінің өзінде  қоңырсалқын, күн астында жүрген диқаншыларға таптырмас демалыс орны. Әрі жылқының қиына құрт-құмырсқа жақындамайтын көрінеді. Егіс басына алдағы уақытта электр тоғын қосуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қожалық иесі жұмыс күшін Қарақалпақстаннан алып отырғанын, ауылдың жігіттері егінге тұрақты істеуге келе бермейтіндігін айтады.

Онымен көршілесА.Қамашевтың қожалығында да егін басында  өңкей қарақалпақ жігіттері еңбек етіп жүр. Ауыл шаруашылық бөлімінен білгеніміздей, жалпы диқаншылыққа әуелден жақсы бейімделген шетелдік мигранттардан биыл  17 шаруа қожалығына 185 адам келген. Оның дені Өзбекстан Республикасынан.

Олардың ішінде біз сөзге тартқан қарақалпақжігітіТемірбекжылда жаздай Қазақстанда еңбек етіп, нәпақасын айырып отырғанын, қазақ теңгесінің Қарақалпақ елінде құнды екендігін айтады.

Ал ауданда жалғыз ғана Ғибрат Ғазизуллиннің «Өркен» шаруа қожалығы жеміс ағашын жайқалтып отыр. Оның 5 гектар жерінде 200-дің үстінде өрік ағашы өсіп тұр. Шаруашылық басшысының айтуынша, биыл жеміс ағаштарының демалатын жылы. Былтыр жақсы төгіп беріпті. Ағаш араларынан қашқан қоянды да кездестіріп қалдық. «Қояндарды үркітіп қоямыз, жас көшет кезінде болмаса қазір қояндардан айтарлықтай қауіп жоқ»,-деді Ғибрат диқаншы.

Жалпы биыл  аудан бойынша 48 шаруа қожалығы  мен жеке кәсіпкер егін салған. Жалпы егін көлемі - 1410 гектар. Оның ішінде картоп-470, көкөніс-450, бақша дақылдары-180, екпе шөп-280, жеміс-жидек 30 гектарды құрайды.

Осылайша ала жаздай адал еңбек, маңдай терін сыққандиқаншылар нәсібе-ырысын енді көре бастауда.

Саламат БАЗАРБАЕВ.

Көктоғай, Өрлік ауылдық округтері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521