Вы здесь: HomeАудан тынысыАяз

Аяз

Кең даланы жайлаған ойы мен тілі де құнарлы халқымыздың назарынан әсте табиғат жаратылысы да тыс қалмаған ғой.

Оны үлкендердің сөзінен, бірін өмірлік тәжірибеден, ұлы ойшылдар мен ізденімпаз қаламгерлердің еңбектері арқылы ұғынып санаға түюдеміз.

Мәселен, әлемде жыл маусымы төртке бөлінсе, жазушы Нұрқасым Қазыбеков «Дала өрнектері» атты кітабында көшпелі қазақ халқы әдетте қоныстарын қыстау, көктеу, жайлау, күздеу деп бөлетінін жазып, әрқайсысына түсініктер бергені де біз сабақтаған ой желісін дәл басқандай.

Әрине, бұл тақырыпқа данышпан Абай атамыздың бірнеше өлеңдері де бар екені мәлім. Соның бірі «Күз» өлеңінде:

«Күздеу тозған, оты жоқ елдің маңы,

Тұман болар жел соқса шаң-тозаңы»,-деп жырлаған жайы, екі ғасыр бұрынғы өтсе де бүгінгі малы жайылымға шықпай ауыл айналасын тұяқкесті етіп, әбден шаңдатқан елді мекендер де көз алдыңа келе қалады.

Біз бұл жайларға тереңдемей, бүгінгі қаһарлы қыстың сипатын беретін қалың да ұлпа қар, боран мен борасын, аяз, үскірік атауларына тоқталып, жалпы қыстың өзіне ғана тән ерекшеліктерін халқымыздың әсерлі сөзбен қалай бейнелегенін ойға оралтсақ дейміз.

Өйткені, бүгінгі жастарымыз қардың қалыңдығын жылқының жалында өскен халқымыз осы желден жүйрек жануардың дене тұрпатымен өлшеп, қырбақ, аттың қара тұяғынан, шашасынан, қызыл асығынан, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан деп сипаттағанын біле бермеуі де мүмкін ғой. Сондықтан да бір жолдасымыз айтқанындай, «мына аңызақты-ай, әбден тоңып кеттім» демес еді ғой.

Бұл арада жазушы Ж.Кейкин аяздың өзін бірнешеге бөліп береді. Мәселен, «Аяз-қысты күнгі ызғарлы суық; қақаған аяз-қатты аяз; ақшұнақ, қызылшұнақ аяз-адамның бетін қарыған аяз; қытымыр аяз-шымшыма аяз; сақылдаған сары аяз-адамның аяқ-қолын домбықтырып үсітер аяз; тымырсық аяз-желсіз күнгі шақпа аяз; шыңылтыр аяз-құрғақ аяз; шытынаған аяз-өте қатты ащы аяз; үскірік аяз-боранды аяз; шытқыл аяз-қатты, құрғақ аяз; үсік-көктем мен күзде кенеттен болатын ызғарлы суық аяз»,-деп саралағанын да жақсы білгеніміз жөн.

Осы ретте табиғат тілін терең меңгерген ақын Есенғали Раушановтың «Қазақ әдебиеті» газетінде шыққан мақаласында: «Желтоқсанның соңғы онкүндігінен (қазақша бұл кез күннің қысқы тоқырауы) бастап туу сонау ақпанның басына дейінгі аралықты қырғыздар «қырық бірдің шілдесі» деп атайды. Қырық бірдің шілдесін он, он бес күнге жіктейді, сонда «Темір аяз», «Мүйізді аяз» және «Киіз аяз» дейтұғын үш бөлек күндер тізбесі шығады. Ең қатал қыс желтоқсанның соңы, қаңтардың басы, яки «Темір аяз» деп санайды» деп бұл ойды толықтыра түседі. Бұл да әрбір қазақ баласы біле жүретін жай екені сөзсіз. Міне, ағайын: «Ақ киімді денелі,ақ сақалды, Соқыр-мылқау, танымас тірі жанды. Үсті басы ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды»,-деген Абай ақын суреттеген қыстың да осындай өрнектерін ойға ала жүріңіздер, ұрпақтарыңыздың санасына түйіңіздер дегіміз келеді.

АҢЫЗАҚ—ауа ылғалының тапшылығынан қалыптасатын ыстық (20-25 С) әрі құрғақ жел. Жылдамдығы 5 м-ден 15-20 м/с-ке дейін өзгеріп отырады. Ылғалдылығы 30 пайыздан төмен болады. Көбіне, Қазақстанның оңтүстік аудандарында, әсіресе, Қызылқұм, Мойынқұм, Бетбақдала, Каспий маңы ойпаты, Маңғыстау, Үстірт өңірлерінде жиі әрі ұзақ болып тұрады.

Жылына ыстық желдің ұзақтығы 60-80 күнге дейін жетеді. Солтүстік Қазақстанның дала-және шөлейтті өңірлерінде біршама азаяды (5-10 күн). Аңызақ – шынында желі өте қолайсыз құбылыс. Оның әсерінен физиологиялық процестер (фотосинтез,көміртегі мен белок алмасу) бұзылады. Нәтижесінде өсімдіктердің өнімділігі төмендейді. Аңызаққа қарсы күрес шараларының ең тиімдісі қыста қар тоқтату және қолдан орманды алқаптар өсіру. Субтропиктік және тропиктік елдерде аңызақты самум, сирокко немесе хамсин деп атайды. («Қазақ Ұлттық энциклопидиясынан).

Яғни, аңызақ-суықтық емес, ми қайнатар құрғақ ыстық жел! «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы көтерген көне тарихымыздың бұл да бір ерекшелігі деп қабылдаңыз.

Дайындаған: С.ХАЛЫҚОВ.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru