Вы здесь: HomeАудан тынысыАуыр көліктерді айып та тоқтатпай тұр

Ауыр көліктерді айып та тоқтатпай тұр

 

Еш топырақ тиемей-ақ салмағының өзі 17 тонна тартатын қытайлық «Shacman» көліктерінің мұншама жүкке есептелмеген Индер-Атырау қатқыл табанды жолын бүлдірумен қатар қарапайым сүрлеулердің өзін езіп-жаншып, ақ топырағын аспанға атып, оның соңы алыстарға жеткен үлкен дау-дамайға ұласып жатқаны белгілі.
Осы күрмеуі қиын өзекті мәселе жақында аудан әкімдігінде облыстық құқық, табиғат, экология, жол, кәсіпкерлік, аудандағы бөлімдер басшылары мен мамандары, қоғамдық кеңес пен депутаттар, ардагерлер, Жарсуат ауылы тұрғындары өкілдерінің қатысымен хаттамалық мәжілісте өткір талқыға түсті.

Мәжіліске төрағалық еткен аудан әкімі Серік Арыстан облыс басшысы Н.А.Ноғаевтың  жүк көліктерінің, әсіресе, облыстық дәрежедегі Атырау-Индер жолымен жүруін реттеп, тәртіпке келтіруді тапсырғанын атап, бірақ бұл мәселе соңғы кезде мүлдем күрделеніп бара жатқанын баяндап, осы бағытта алынып жатқан шараларды таныстырды.

-Жалпы өздеріңізге жақсы мәлім, 2015 жылы пайдалануға берілген бір өске 8 тоннаға дейінгі салмаққа арналған «Атырау-Индер» тас жолы аз ғана уақыттың ішінде Индердегі 9 карьерден шыққан шамадан тыс жүк тиеген аса ауыр салмақтағы жүк көліктерінің жүруінен бүліне бастады.

 Бұл аудандық қоғамдық кеңес пен жергілікті полиция қызметкерлерінің қатысымен ұйымдастырылған үгіт-насихат жұмыстары, рейдтік шараларға қарамастан млрд-таған қаржыға салынған жолдың пайдалану мерзімін қысқартпақ.

Сондықтан да облыстағы жауапты басқарма басшыларының басын қосып, аталған күрделі мәселеге тосқауыл қою мақсатында, осы кеңейтілген жиын ұйымдастырылып отыр,-деген аудан әкімі сөзін осы жұмыстармен жіті араласып жатқан  «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Өтепберген Оразғалиев  жалғастырды.

 Мәселеге қатысты жұмыстардың қорытындысы  арнайы рейд кезінде байқалған кемшіліктерді экранмен көрсету арқылы іске асты. Түйткілді мәселенің түрлі басылымдарда, экрандарда бірнеше рет «Халықтың жанайқайы», «Ауыр көліктердің зардабы» тақырыптар аясында  жария етілгенін де хабарламашы ашына әңгімеледі. («Дендер» газетінде де бірнеше мақала жарияланды).

 -Облыс басшысы бақылауды құзырлы орган басшыларына тапсырғанымен әлі де күрмеуі күрделі мәселе сол күйінде қалып келеді. Индердегі 9 карьерден топырақ тиеп шыққан көліктер  бір-бірінің шаңынан қашып салған 100-деген жол айрықтары пайда болып, одан көтерілген шаң-тозаңның зардабы адамға, жайылымға, өсімдіктерге,  малдарға да кері әсер беріп жатқандығын халық айтып, өз наразылықтарын жеткізуде.

Тек малымен күнелтіп отырған тұрғындар үшін оны жайылысы қашанда маңызды. Кәсіпкерлер иелігіне өткен жайылымдық жерлер де бүгінде алып «Shacman» көліктерінің дөңгелегі астында аяусыз тапталып жатыр. «Кеме келгенде қайық судан шығады» демекші, бүгінде бұрын жиі сөз болған «КамАЗ» көліктерінің жүкті артық тиеуі түк болмай қалды.

Тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды біз тиісті орындарға шарасын алып,  хабарлау үшін жолдадық. Осы тұста жер қойнауын пайдалануға алған  карьер иелері өз келісімшарттарында көрсетілген міндеттемелерін толық сақтамай отырғандығы ащы да болса шындық,-деп қорытты сөзін топ басшысы.

Сонымен қатар, ол қаладан келген көліктер мұнда қоқыстарын да әкеліп төгетінін айтты.

Сөз алған аудандық ІІБ жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Руслан Мұратов та арнайы  тапсырмаға сай ауыр салмақты жүк көліктерін жүргізбеу бойынша алынған шаралармен таныстырды.

 Оның айтуынша, өткен жылы 150 автокөлік ұсталып, 145 жүргізушіге 1 132 231 теңге айыппұл салынған. Оның ішінде 86 жүргізушіден 676162 теңге мемлекет пайдасына өндірілген. 2018 жылдың төрт айында осындай жұмыстарды жүргізген полиция қызметі 56 автокөлікті ұстап, жүргізушілеріне 283790 теңге айып салып, оның 35-і 167147,5 теңгесі бүгінде төленген.

Ал биылғы сәуірдегі рейд кезінде тағы 26 автокөлік ұсталынып, тиісті құжаттары Атырау облысы көлікті бақылау инспекциясы мен аудандық әкімдікке жолданған. Алайда құзырлы орган-облыстық инспекциядан алынған шаралар туралы мәліметтер әлі  түспеген.

Осы ретте жиналыста құзырлы органдар мен табиғат, экология, жерге орналастыру, басқа да сала өкілдері де қосымша түсініктеме бере кеткен еді. Бірақ олар өз жұмыстарына тән Заңдар мен баптарын нақтылап көрсетіп, жауапкершіліктері жайын жиі қайталағанымен, олардың тарапынан алынған шаралардың пәрменділігі жайы айтылмады.

 Соның ішінде ауыл тұрғындары өкілдері, сөз сөйлеп, сұрақтар қойған Байғали Өтеманов, Молдабай Берғалиев, сала ардагері, эколог Марат Мұқанов, аудандық мәлихат депутаты Орынша Ділмұқашева да осы жайға қанағаттанбай, реніштерін ашық айтты.

Көтерілген жайларға қатысты «Үш Есен» ЖШС төрағасы Еркін Сатышов, «Жаман Индер» карьерінің иегері Мұрат Қарабалин да өз пікірі мен дәлелдерін алға тартты. Бірі берілген әрбір түсініктің нақты болуын қаласа, екіншісі-құқығын қорғау үшін сотқа дейін баратынын да жеткізді.

Олардың сауалы көбіне -көп Атырау облысы бойынша  көліктік бақылау инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Аманжол Қабдешовтің сөзіне қатысты өрілді. Өйткені, ол кен игеруші карьерлерге қойылатын талаптар, көліктердің тазалығы, өлшенуі, тиелуі жайын экранды пайдалана отырып қысқаша түсіндіріп өткен болатын.

Десек те мәселеге қатысты әрбір карьерден шығатын нақты маршрутты анықтауға байланысты сұраққа жауап табылмады.

 Ал бүкіл облыс деңгейіндегі 990 км. республикалық, 2022 км. жергілікті жолды бақылайтын инспекциямен Жарсуат маңында  59 әкімшілік іс қозғалып,  1 млн. 851 мың 850 теңге айыппұл салынғанымен, жылжымалы көліктік бақылау пунктін ауданда одан әрі көбейтіп, әр округтің тұсынан ашуға мүмкіндіктің жоқтығын жасырмады. Жалпы инспекцияда 3 ғана мұндай бекет бар екен.

 Сондықтан да Индербордың шыға берісінде тұратын бақылау пункті осы жұмыстарды  тиісінше жауапкершілікпен атқарады деген сенім артылды. Мұндай пункті «ҚазақАвтожол» ҰК АҚ директорының орынбасары                Аслан Дүйсенов республикалық деңгейдегі «Атырау-Орал» жолының  Индербор кенті тұсына орнатуды ұсынғанын да айтпасқа болмайды.

Алайда құрылым өкілінің айтуынша, республикалық жолда жүру үшін әрбір көлік пайдаланушы «ҚазақАвтожолмен»  алдына ала келісімшартқа отыруға тиісті екен. Бірақ «Индерден топырақ тасимыз» деген бірде-бір құрылымның осыған дейін мұндай шартқа отырмағаны көпшілікті де, басшыларды да таң-тамаша қалдырды.

Осындай  жауабынан сауалы басым көрінген «Атырау-Индер» автомобильдер жолдарының жай-күйі және ірі көлемдегі жүк көліктерінің қозғалысы туралы» мәселесін талқылаған жиналыста Атырау облысы бойынша мемлекеттік экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Абзал Теміров, аудан прокуроры Алтынбек Жұмабеков, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Н.Қалиева, аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов, «Атырау» ӘКК ҰК атқарушы директоры Ә.Қизатоллақызы, тағы басқалары сөйлеп, сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Күрделі мәселені талқылауды Атырау  облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы Н.К.Оразбаев қорытындылап, жүк көліктерінің жұмысын реттеу барысында жергілікті деңгейде де бірқатар жұмыстардың қолға алынуы қажеттігін алға тартты.

Оның ең бастысы-топырақ тиеген әр көлік жүгінің нақты тауарлық құжаты болуы, жүргізушілердің жол-көлік полициясы қойған талаптарды орындап, мойынсынуы, кәсіпкерлерді де қолдай тұра, олардың да белгіленген заңдылықтарды орындауға міндеттілігін атап көрсетті. Ауданға жол қозғалысы мен жүк тасымалына бақылау жұмысын күшейту мақсатында қосымша тағы екі техника бөлінетіндігін хабарлады.

Сондай-ақ бұдан былай ауыр «Shacman» көліктерінің Атыраудан бастап жүруі реттелетінін ескертті. Ендігі жерде басқа да заңдылықтар бойынша талаптар іске қосылып, жұртшылық, жүргізушілер мен кәсіпкерлер арасында кеңінен түсінік жұмыстары атқарылатын болып шешілді.

 Сөйтіп, әр деңгейдегі  мүдделер тоқайласқан жүк тасымалын реттеу жұмысы арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей өзара түсіністік жағдайында  реттеледі деген сенімдеміз.

С.ХАЛЫҚОВ.

Суреттер  автордікі.

Әкім жұмысына баға беріңіздер

Аудан әкімінің жұмысына қандай баға бересің?
Әкім тағайындалғалы ауданда жұмыссыздық деңгейі өзгерді ме?
Елді мекендердің тазалығына қандай баға бересіз?

Яндекс.Метрика

Біз туралы

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы 16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru