Ақ Жайықтың суы азайып барады

Дәстүрлі халықаралықайық-Орал-2018"  тарихи-мәдени, экология және спорт-туристтік экспедициясы мүшелерінің Атырау облысына сапары дәстүрлі қазақи нақышпен жабдықталған киіз үй тігіп, ақ дәм ұсынған қонақжай қарсы алумен басталды.

Құрамына Ресей Федерациясының Орынбор  мен Қазақ елінің Батыс Қазақстан облыстары өкілдері кіретін экспедицияның аудандағы жұмысына Индер ауданы әкімі Серік Арыстан бастаған атыраулықтар  барлық жағдайды жасады.

Экспедиция жетекшісі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер, отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, "Біздің Жайық-Наш Урал" экологиялық қозғалысы" қоғамдық ұйымының төрағасы Елена Ивановна Тарасенко бастаған қонақтар да бұл жылы ықыласқа ризашылықтарын білдіріп,  бұрыннан да бар байланысты іскерлік арнасына салды.

Қонақтар өңірмен танысуларын Индербордағы облыстық өлкетану мұражайының аудандық филиалындағы тарихи жәдігерлер мен Индер оқушылар шығармашылығы үйі қойған бұйымдарды аралап көрумен бастады.

Одан кейін қос жақта да өздерінің негізгі жұмысы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты маңызды бағдарламалық мақаласында көтерілген туған жер мен табиғатты қорғап, оның экологиясын барған сайын жақсарту, барша тіршілік көзі-Жайық өзеніне қатысты мәселелерді талқылауға арналған облыс әкімдігі дәрежесінде ұйымдастырылған дөңгелек үстел жанына жиналды.

Дөңгелек үстел жанындағы келелі мәселені талқылауды аудан әкімі С.Б.Арыстан жүргізді. Алдымен қонақтарға хош келдіңіз айтып, таныстыра келе өңір ғана емес, барша Батыс Қазақстандағы экономикалық-әлеуметтік жағдайының қайнар көзі Жайық өзенінің маңызы, оның қасиетті тарихын танып, құрметтеу, шекаралық өзара келісімді іс арқылы келешекке жеткізу Елбасы қойған міндеттермен үндесіп жатқандығын атап, экспедиция жұмысына сәттілік тіледі.

Ресей Федерациясы Орынбор облысы губернаторы Ю.А.Бергтің сәлемдемесін экспедиция мүшесі, Орынбор қалалық кеңесінің төрағасы Ольга Петровна Березнева жеткізіп, қос елдің арасын жалғап тұрған достық өзені Жайықтың экожүйесін жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын ерекше атап, тілегін қосты.

Бұл игі тілектерді Орынбор облыстық заң шығарушы жиналысының комитеті жетекшісі, облыстық әйелдер кеңесінің төрағасы Ольга Николаевна Хромушина жалғап, қос елде бұл бағыттағы әлі көптеген жұмыстар тұрғанын атап көрсетті. Соның ішіндегі негізгі жұмыстарға қос ел әйелдерінің де қомақты үлес қоса алатынына ерекше тоқталып, бұл бағытта өздері қолға алған іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Осы сәтте пікір алаңының модераторы Серік Бисешұлы қонағымыздың бүгін туған күні екендігін хабарлап, қонаққа гүл шоқтарын ұсынып, құттықтап, жылы ықыласты кездесудің  шырайын сыйластықпен әрледі.

Айтуға тиістіміз осының алдында Орал қаласында Қазақстан, Австрия, Ресей және Өзбекстан елдері ғалымдарының қатысуымен «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері. Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел өткен болатын.

Аталған шараға Батыс Қазақстан облыс әкімі, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті депутаттары Шавхат Өтемісов, Сәуле Айтбаева, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕЫҚҰ Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының орынбасары                        Диана   Дигол қатысып, бірқатар маңызды ұсыныстар көтерілген. Бұл шет елдік ұйым өкілі Индерборда өткен дөңгелек үстелге де қатысып, өз ойын білдірді.

Көрші облыста өткен шарада екі президенттері қол қойған «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақ­тау жөніндегі» мемлекетаралық келісім­шарттың жобасын одан әрі іске асыру жайлары  жан-жақты сөз етіліп, әлі де көптеген түйіндер шешімін таппай отырғаны анықталғанын да айтпасқа болмайды.

Сондықтан да Индерборда өткен кездесуде осы жайлар көтерілмей қалмады. Ал сөз алған Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Орақұлы Бисембиев рухани жаңғыру жұмыстарын жаңа сатыға көтерген Елбасы мақаласындағы көрсетілген міндеттердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, осы бағытта облыста атқарылып жатқан істерді  кеңінен баяндады.

Оның сөзін облыстық тарих-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Сая Қалитқызы Газимова жалғастырып, өткен тарихты тану, ұрпақ санасына сіңіріп, рухани жаңғыру жұмыстарын жетілдіру Қазақстандағы цифрландыру жұмыстарымен астасып, жаңа көзқараспен әлемге  таныла  бастағанына көптеген нақты мысалдар келтірді.

Осы ретте "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының атыраулық жеңімпазы Ерлан Асылбайұлы Күмісқалиевтың қоғамдық бағыттағы ілкімді жұмыстары жерлестерін ғана емес, қонақтарды да бір көтеріп тастады.

Ал Атыраудағы  "Былина" этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Андрей Александрович Кораблевтің Жайық  өзенінің сан қатпарлы тарихын бертінгі 1700-інші жылдардағы Ресей және шет елдер ғалымдарының келіп тани бастағанымен, оның бұл пікірімен "Кешкі Алматы" газетінің журналисі  Василий  Васильевич  Шупейкин еш келіспейтінін байқатты.

Өйткені, үш мыңдаған жылдар бұрын, тіпті әлемді топан су басқаннан бергі кезең, оның қасиетті Құранда сөз болғанын қайталап, сақ тайпалары да осы ұлы өзеннің жағасын мекендеп, игілігін көргендігін айтқан ол экспедицияның сөзден  гөрі  әр кез іске жақын болса деген тілегін  қосты.

-Бұған дейін де аталған бағыттағы қоғамдық ұйым трансшекаралық Жайық өзеніне байланысты еларалық комиссияның құрылуына қол жеткізіп, ерен іс тындырған. Бірақ бүгінгі міндет - осы комиссияның толыққанды түсіністік жағдайында жұмыс істеуімен бірге, бұл өзеннің жағасын жайлаған халықтың өзенге деген санасын өзгерту, иелік көзқарас қалыптастыру өте өзекті мәселеге айналып отырғанға ұқсайды. Бұл енді  халық арасындағы тынымсыз түсінік-насихат жұмыстарының сауатты жүруіне байланысты,-деген қонақ сөзі көпшілікті де терең ойға қалдырды.

Бұл мақсаттағы өз алдына "Жайық күндерінің" өте бастауы құптарлық екенін атады.   "Жайық күндерінде" өзеннің жағасын жабылып тазалап, оның арнасының өзгеруіне жол бермеу, сондай-ақ тазалық жұмыстары кезінде әр мекеме, орында, ұжымдарда халықпен түсінік жұмыстары кеңінен жүргізіліп, оған жастар мен балалар, тұрғындарды кеңінен тарту туралы ойын ортаға салды. Белгілі атыраулық табиғаттың белсенді жанашыры Махамбет Ғалымжанұлы  Хакимовтың  сөзі де  осы арнада тоғысты.

Аудандық мәслихаттың депутаты, "Нұр Отан" партиясы аудандық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Өтепберген Темірғалиұлы Оразғалиевтың Елбасының аталған мақаласында қойылған "Туған жер" бағдарламасына сай 100 млн. теңгеден астам қаржының жұмысын жасауға меморандумға қол қойылып, оның үшеуі нақты іске асырылғандығын айтқан сөзінде де Жайықтың қазіргі жағдайы ерекше көтерілді.

- Қадірлі достар, біздің индерліктерді бүгінде Жайық өзенінің көзден бұл-бұл ұшқан мол байлығы мен уылдырығын айтпағанда өзі тайызданып, суының азаюы қатты алаңдатады. Жағалауда болған бүкіл көл-тоғандар кеуіп қалды деуге болады. Жоғарыдағы Ириклинск су қоймасынан биыл төменге тіпті су жіберілген жоқ,-деді хабарламашы.

Өз тарихы мен дәстүрін берік ұстанып, қасиетті жерлерінің картасын жасақтап, әлемдегі үздік 100 оқулықты өз тілінде сөйлетуге, оқуға кіріскен қазақ елінің өз көршілерімен де тату бірлікте  болу ынтасын танытып келе жатқанын атаған аудан әкімі Серік Арыстан сөзді экспедиция жетекшісі "Біздің Жайық-Наш Урал" экологиялық қозғалысы" қоғамдық ұйымының төрағасы Елена Ивановна Тарасенкоға бергенде ол  бұл бастамаға қолдау көрсеткен облыс әкімі Н.А.Ноғаевқа, аудан басшылығына зор ризашылық сезімін  жолдады.

Үлкен халықаралық шараға ұласқан экспедиция жұмысының одан әрі кеңейіп, оған Башқұртстан мен Челебе облыстарын да тартып, ортақ міндет Жайықтың суын молайтып, арнасының тазалығын сақтап, қос жағасында экожүйенің қалыпты жағдайға жеткізуде әлі алда маңызды көптеген жұмыстар тұрғанын айтып, осы бағытта баршаны біріге жұмыс істеуге шақырып, пікірсайысты қорытындылап, ескерткіш сыйлықтар табыстады.

Экспедицияның одан арғы сапары Дендер күмбезінде Д.А.Қонаев  болған "Димаш төбесіндегі" аспан асты көрмесі  және Индер тұз көлінің кереметтерімен танысуға жалғасты. Ал кешкісін халықаралық экспедиция мүшелері алдында Индер ауданы өнерпаздары Жеңіс алаңында үлкен концерттік  бағдарламасын  ұсынып, оларды үлкен әсерге бөледі.

Сөйтіп, Жайық экожүйесін оңалту, тарих пен мәдениет, спорт-туристік бағыттағы көптеген жұмыстарға тың серпін қосқандай болған дәстүрлі  Батыс Қазақстан облысының көне қаласы Жайықтан басталған бұл экспедицияның сапары Атырау жеріндегі ежелгі астана Сарайшықта қорытындыланып, көптеген келелі мәселелердің басын ашып кетті.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

Суреттерді түсірген автор.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521